Бірлігімізді бекемдей білсек, елдігімізді сақтап қаламыз. Бұл туралы халықтық коалиция форумында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Достық пейіл, мейірімділік және жанашырлық – ең асыл қасиеттер. Қазақта «Сыйлассаң – сыйлы боларсың» деген сөз бар. Ағайынның татулығы мен жанашырлығы – ел бірлігінің түп қазығы. Елдің тұтастығы қарапайым адамдардың өзара түсіністігінен басталады. Халқымыз бәрін де ақыл-парасатпен шешкен», — деді Мемлекет басшысы президенттікке Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдау жөніндегі халықтық коалицияның форумында.
Президент бұл дәстүрді ұмытпауымыз керектігін баса айтты. «Аға буын осы игі дәстүрді насихаттауы қажет. Жалпы, ортақ жетістіктер ұлттың мерейін өсіреді. Біз бір-бірімізге қашанда тілектес болуымыз қажет. Талапты, дарынды азаматтарды қолдай білуіміз керек. Әр отандасымыздың табысына қуанып, қиындықтарды бірге еңсеруге тиіспіз. Халқымыз «Ұйымдасқан ұтады» деп бекер айтпаған. Бірлігімізді бекемдей білсек, елдігімізді сақтап қаламыз. Сонда ғана Әділетті Қазақстанды құрамыз. Демократия, заң үстемдігі және теңдік қағидаттары сақталатын мықты мемлекет боламыз. Бұл біздің қолымыздан келеді. Себебі, айқын мақсатымыз, нақты бағдарымыз бар. Жасампаз және отаншыл халқымыз бар. Тәуелсіз елдің ойы еркін, рухы азат ұрпағы өсіп келеді. Біз түбегейлі өзгерістің бәрін өскелең ұрпақтың болашағы үшін жасап жатырмыз. Баршаңызды елімізді бірге көркейтуге шақырамын! Өйткені, біздің Отанымыз – бір, мемлекетіміз – бір, халқымыз – бір», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Халықтық коалиция форумында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында қолға алынған шараларды да атады.
«Біз экономиканы сапалы дамытып, азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыру мәселелерімен айналыстық. Шағын және орта бизнеске қолайлы жағдайлар жасалып жатыр және бұл жұмыс жалғасады. Ауыл шаруашылығының әлеуетін күшейту үшін жүйелі шаралар қабылданып жатыр.
Біз үшін негізгі басым бағыт – халықтың әл-ауқатын арттыру. Бұл басымдық ешқашан өзгермейді. Менің тапсырмам бойынша дәрігерлер мен педагогтердің, бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы ұлғайтылды. Зейнетақылардың, стипендиялар мен жәрдемақылардың тұрақты өсуі қамтамасыз етілді. Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын алу есебінен бір жарым миллионнан астам отандасымыз тұрғын үй жағдайын жақсартып, емделе алды», — деді Президент.
Мемлекет басшысы қаңтар айында мұқтаж жандарға нақты көмек көрсетумен айналысатын «Қазақстан халқына» қоры құрылғанын еске салды.
«Конституцияға жер мен оның қойнауы халыққа тиесілі деген норма енгізілді. Бұл әдемі ұран ғана емес. «Ұлттық қор – балаларға!» бағдарламасы Ата Заңға енгізілген түзетудің іске аса бастағанын көрсетіп тұр. Бұрын-соңды болмаған бұл шара ұлттық байлықты әділ бөлуге бағытталған», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.