Түркістан қаласында зейнеткерлер үшін ерекше орталық есігін айқара ашты. Белсенді ұзақ өмір орталығында зейнеткерлерге дәрігердің бақылауы мен кеңесі бойынша психологиялық көмек, тұзды бөлме, сенсорлық бөлме, массаж, сауықтыру-гимнастика, ЛФК кабинеті, еңбек терапия, фитотерапия, ағартушылық кабинет, акт залы, кітапхана алаңы, бильярд және теннис ойын алаңы, қосымша би, ән т.б үйірмелері қызмет етеді. Бір қолданысы 10 классикалық массажға тең жаңа инновациялық биоэнергетикалық ерекше массаж аппараты арқылы бірден 7 түрлі ем ұсынылады.
Қазіргі таңда Түркістанда 14 915 зейнеткер бар. Орталықта күніне 60-70 адамға қызмет көрсету мүмкіндігі қарастырылған. Орталықтың ашылуына қатысқан қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков қарияларға:
— Бүгінгі бейбіт күніміз — Сіздердің кешегі еңбектеріңіздің жемісі. Баршаңыз кейінгі ұрпаққа жайлы орта үшін тер төктіңіздер, енді біз Сіздерге қызмет етеміз. Мен мүмкіндігінше жиі келіп, өздеріңіздің жағдайларыңызды біліп тұрамын, — деді.
Мереке күнгі тартуға риза болған қариялар игі іске ұйытқы болған азаматтарға ақ батасын беріп, ізгі тілектерін арнады.
Айта кетсек, бүгінде елімізде қарттардың бос уақытын ұтымды пайдалануы үшін белсенді өмір сүру орталықтары ашылуда. Мұнда қариялар өздеріне көңіл бөліп, жас шағында істеп үлгере алмаған қызығушылықтарын қайта қолға алуына болады. Орталық жұмысы қарт адамдарға денсаулықты қолдау бойынша көмек көрсетуге, қолайлы және кедергісіз орта құруға, оларды қоғамдық өмірге тартуға бағытталған. Онда қазыналы қарттар кез келген уақытта бас қосып, пікір бөлісе алады.
Сондай-ақ, йога, скандинавиялық жүріс, айкуне бойынша сабақтар өткізіледі, медициналық, психологиялық және заң консультациясы, IT және smart-сауаттылыққа, шет тілдеріне оқыту, көшпелі іс-шараларды ұйымдастыру, мәдени объектілерге бару, тақырыптық концерттер мен өзге де іс-шаралар өтеді. Бұнымен қоса, кітапхана, шахмат ойыны, демалыс, денсаулық залдары бар. Қолөнермен шұғылданамын деушілерге шығармашылықты дамыту орталығы аптаның кез келген күнінде жұмыс істейді. Сол арқылы зейнет жасындағы азаматтардың уақыттарын тиімді өткізуі үшін жағдай жасау көзделген. Қарттарға сонымен қатар, экскурсиялық саяхаттар өткізіледі. Яғни, орталықтан шығып, түрлі жерлерге апарылады.