Notice: Trying to get property 'child' of non-object in /var/www/vhosts/13kz.kz/httpdocs/wp-content/themes/папка (2)/class/ContentTag.php on line 45
Түркістан облысында туризмді дамыту мақсатында 9 мың гектарға орман алқабын егу жоспарлануда. Бүгінге дейін оның 3 мың гектардан астамына көшеттер отырғызылған. Сондай-ақ аймақтағы тұқымбақта 7 миллионнан аса түрлі ағаш көшеттері күтіп-бапталуда.
Жыл сайын қоршаған ортаны қорғау, қаланы жасыл желекпен көмкеру жұмыстарына мемлекеттік қызметкерлер мен облыс орталығы тұрғындары да атсалысуда. Олар демалыс күндері егілген көшеттердің түбін әктеп, қала аумағын күл-қоқыстан тазартады. Осылайша экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етуде. Мамандардың айтуынша, алдағы екі-үш жылда Түркістан қаласының аумағы тал-дарақпен көмкеріліп, жасыл желекке айналады. Бұл орайда былтыр қаланың экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында «Жасыл аймақ», «Жасыл белдеу» құрылып, көне шаһарды қоршай ағаш көшеттері егілуде. Түркістан қаласының Бас жоспарына сәйкес, өткен жылы шаһар айналасынан 7 700 гектар алқапқа «Жасыл белдеу» құрылған болатын. Өңір табиғатына бейім 7-8 түрлі ағаш 3,5 мың гектар жерге, ал биыл жыл басынан бері қала аумағында 1235 гектарға 1 млн 387 мың түп көшет отырғызылды. Өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту үшін «Жасыл аймақ», «Жасыл белдеу» бағдарламалары аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда «Жасыл аймақ» мекемесінде 450 адам еңбек етеді. Егілген көшеттердің бәрі қызметкерлерге бөлініп берілген. Олар күндізгі және түнгі суару жұмыстарын жүйелі жүргізеді. Су 10 тонналық қоймаға сусорғымен толтырылып, ағаштардың түбіне жекелей жіберіледі. Ағын су көктем мезгілінде жас көшеттерге Арыс – Түркістан каналы арқылы жеткізілсе, жазға қарай арнайы қазылған ұңғымалардан суарылады екен. Жалпы, Түркістан қаласының жазы ыстық, табиғаты құрғақ келетіні мәлім. Сондықтан экологиялық ахуалы да көңіл көншітпейді. Ал мамандар қала аумағын жасыл-желекпен көмкеру – қоршаған ортаны қорғаудың ең тиімді жолы екенін айтады. Сондықтан шаһарды айналдыра қоршай ағаш егу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру – қазір өңірдегі басты мәселе. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Әбдуәлиевтің айтуынша, әрбір түп ағаштың өзіне қышқыл отынды сіңіре отырып, қоршаған ортаға оттегі бөлуі аздау болып отыр. «Мысалы, 15 мың адам таза ауаны сіңіріп жатса, беруі 12 мың болып тұр. Ғылыми түрде айтқанда орман қала аумағын таза ұстау арқылы экологияға өзінің тиісті әсерін береді», дейді басқарма басшысы. Облыс әкімінің бастамасымен атқарылып жатқан жұмыстың бірінші бөлігі бүгінде аяқталған, енді келесі кезеңге белгіленген жұмыстар атқарылатын болады.
Ал Түркістанға іргелес Кентау қаласы Қаратау қорығының жанындағы Хантағы туристік нысаны аумағында экологиялық және белсенді туризмді дамытуға бағытталған инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес жаңа жобалар дайындалып, әлеуетті инвесторларға ұсынылуда. Бұл мақсатта жалпы ауданы 230 гектар жер телімі анықталып, оның 50 гектарында туристік инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Кентау қаласының инвестициялық мүмкіндіктерін, туристер мен келуші қонақтардың санын арттыруға және жаңа туристік бағыттардың дамуына осылайша тың серпіліс берілмек. Жалпы, Қаратау аумағы – 34 мың гектар. Онда Қазақстанның Қызыл кітабына енген өсімдіктер мен жан-жануарлар мекен етеді. Кентау қаласы әкімдігі биыл Хантағы туристік аумағына апарар 8 шақырым жолды реттеп, веложол салып, жарықтандырмақ.
Түркістан облысы