Түркістан қаласы мен Түркияның Мальтепе муниципалитеті арасында «Достастық» меморандумына қол қойылды. Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков мен Мальтепе муниципалитетінің басшысы Али Кылыч екі шаһар арасындағы достастық келісімін қабылдап, қол алысты.
Түркістан қаласының әкімі: «Біз түбі бір бауырлас халықпыз, сенімді стратегиялық әріптеспіз. Түркі жұртының рухани астанасы – Түркістанымызбен достастығыңызды білдіріп келгеніңізге ризамын. Бүгінгі кездесуде жаңа жобалардың негізі қаланатынына сенімдімін» деп, ізгі ниетін білдірді.
Түркістан қаласына алғаш келгенін айтқан, Мальтепе мэрі Али Кылыч шаһардың көз тойдырарлық сұлуылығына таңданысын жасырмады.
– Түркістанның киелі топырағының қасиеті баршамызға мәлім. Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың ілімі дарыған шаһарда әлі талай бастамаларды бірге атқарамыз деп ойлаймын. Қасиетті Түркістан қаласымен келісім түзілетініне шын жүректен қуаныштымын, – деді ол.
Меморандум аясында мәдениет және білім, жергілікті басқару және демократия, туризм, экономика, қоршаған ортаны қорғау, спорт және қоғамдық денсаулық сақтау салалары бойынша өзара ынтымақтастықты дамыту көзделіп отыр.
Айта кетсек, ұзақ уақыт бойы Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыс көптеген саяси, экономикалық және гуманитарлық жобалар аясында өзара келісім мен бірліктің «қолайлы» жағдайында дамыды. Тарих пен мәдени құндылықтардың ортақтығы «Түркі кеңесі», ТҮРКСОЙ, ТүркПА, Түркі академиясы, Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры, бірлескен университеттер мен колледждер сияқты түрлі жобалар мен бағдарламалардың пайда болуына ықпал етті. Мемлекет басшыларының арасында орнаған сенімді қарым-қатынас екі ел арасындағы байланыстың жоғары деңгейге шығуына мүмкіндік берді. Түркия қазақстандық туристер үшін шетел болып саналғанымен ол жерде жүргенде ешқашан өздерін бөтен сезініп көрген жоқ. Тәуелсіздік алған сәттен бастап Түркия мен Қазақстан арадағы байланыс қай тұрғыдан болсын қарыштап дамыды. Еске сала кетейік, Түркия 1991 жылы біздің тәуелсіздігімізді мойындаған алғашқы мемлекет.
Сондай-ақ алғашқылардың бірі болып 1992 жылы Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Түркияның дипломатиялық миссиясы Қазақстан тарихындағы тұңғыш шетелдік өкілдік болды.
Бүгінде Түркістан мен Түркияның Мальтепе муниципалитеті арасында арнайы достық келісім шарты түзіліп отыр.