Әлем қазір дүрлігіп тұр. Алпауыт мемлекеттер қайтадан қырғи-қабақ жағдайына оралуда. Оның салқыны ірілі-ұсақты барлық мемлекетті шарпып өтетіні айтпаса да түсінікті. Бүгінде қарудың түрі де көбейген және сұрапыл. Дыбыстан жылдам ұшатын снарядтар, атом қаруы – мұның бәрі бер жағы. Бұлардан бөлек экономикалық қару, ақпараттық қару, идеологиялық қару – осының бәрі әлем халқын әбігерге салып қойды. Күрес қиындады. Соған қарамастан соғыста жеңілмеудің басты жолы сол бұрынғыдан өзгерген жоқ, ол – отаншыл болу, еліңнің, ұлтыңның патриоты болу. Елін сүйген, елінің мүддесін бәрінен жоғары қоятын, Отаны үшін отқа түсуге жасқанбайтын ерлері бар мемлекет ешқандай соғыста жеңіліс таппаса керек. Бұл ереженің бұлжымастығын тарих талай дәлелдеген.
Яғни, бүгінгідей аласапыран заманда жастардың бойына патриоттық рухты сіңдіру аса маңызды. Ең үлкен қаруымыз да сол болмақ. Рухы түскен, идеологиядан жеңілген халық құлдыққа бейім болады.
Ал сол жас ұрпаққа отаншыл болуды кім үйретуі керек, патриоттық рухты кімдер сіңдіруі қажет?
Бізде бұл тұрғыдан алғанда үлгі тұтар тұлғаларымыз жоқ емес. Ел үшін күресте қайсарлықтың символы бола білген батыр бабаларымыз бен апаларымызды жүздеп, мыңдап санап беруге болады. Тіпті, арамызда жүрген ҰОС пен Ауған соғысы ардагерлерінің әрқайсысы жас ұрпақ үшін үлгі етіп көрсетер бір-бір тұлға. Біз сол ардагерлеріміздің әңгімесін, өмір жолын баяндау арқылы патриоттықты да насихаттайтынымызды түсінуіміз қажет.
Иә, Ауған соғысы бүгінде «мағынасыз соғыс» деп аталып жүргенімен, біздің азаматтарымыз оқтан да, оттан да тайсалмайтын, қажет болса Отанын қанмен қорғай алатын қайсарлықтарын көрсете алды ғой. Шүкір, қазір арамызда сол соғысқа қатысқан біраз ардагерлеріміздің біразының көзі тірі. Соғыс көрмеген бүгінгі ұрпақ үшін сол ардагерлердің әңгімесі, өмір жолы әрі бейбітшіліктің қадірін білуге үйретсе, екінші жағынан Отан үшін күресе білу қайсарлыққа баулиды.
Сондай жас ұрпаққа үлгі етіп көрсетер тұлғамыздың бірі – Сейдулла Үсенбайұлы Мықтыбаев. Бүгінде 80 жастың сеңгіріне шыққан бұл ағамыздың өмірі – бір тарих.
Бұл кісі 1942 жылдың 4 қыркүйегінде Сарыағаш ауданында дүниеге келген. Балалық шағы сұрапыл соғыс пен одан кейінгі ауыр кезеңдерде өткен Сейдулла ағамызға қайсарлықты өмірдің өзі үйреткендей.
Ол 1959 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін ветеринар-санитар болып жұмыс істеп, Қапланбек зооветеринар техникумына оқуға түседі. Отан алдындағы азаматтық борышын Венгрияда өтеген. Ол уақытта әскери борыш 3 жыл болатын.
Кеңес Армиясында әскери борышын абыроймен атқарып елге оралған соң 1967 жылдан Сарыағаш атқару комитетінде инструктор қызметінде істеді. Сондағы еңбегі еленіп, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады.
Қызмет ете жүріп Мәскеудегі Заң институтын сырттай оқып, дипломын алған.
Ал 1974 жылы КГБ ҚазССР Чимкент облысы бойынша Басқармасына қызметке алынды. Шұғыл уәкіл, тергеуші қызметтерін атқарды.
1984-1987 жылдары СССР Бас Прокурорының көмекшісі, Ауғанстан демократиялық Республикасының КГБ тергеу қызметінің кеңесшісі болып Герат провинциясында әскери қызмет атқарды. «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған.
1991 жылы подполковник шенімен отставкаға шықты. Сонымен қатар 2007 жылға шейін облыс әкімшілігінде заң кеңесшісі, жоғарғы оқу орындары бөлімінің бастығы қызметін атқарды.
Сейдулла ағамыз зейнет жасына шыққан соң да қарап жатпай, қоғамдық жұмыспен айналысты. Ол 2007 жылы ҚР ҰҚК Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің ардагерлер кеңесінің төрағасы болып тағайындалып, 2019 жылға шейін ардагерлер ұйымын басқарды. Департаменттің мұражайын ұйымдастырып, салды.
Мұражай дегеніміздің өзі өткен тарихты бүгінгі және келешек ұрпаққа үлгі етіп жеткізер насихаттың бір жолы ғой. Сейдулла ағамыздың қажырлы еңбегінің арқасында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Оңтүстік Қазақстан облыстық департаментіне қарасты мұражай әрдайым жаңа жәдігерлермен толығып отырды. Мемлекетке маңызы мол дүниелерді құзырлы орган өкілдерінің өздерімен қатар марқұм болған қызметкерлердің әріптестері, туған-туыстары әкеліп тапсырған.
Мұражайға енгенде ең алдымен қабырғаға ілінген құндылықты көзіңіз шалады. Мұнда мемлекет қауіпсіздігі органының қызметкерілері – ішкі және сыртқы жағдайды аяңдап байқап-қадағалаушы мамандардың еңбектері мен есімдері жазылған. Ерекше жинақта елінің қауіпсіздігі үшін өмірін құрбан еткен қандастарымыздың естеліктерін де кезіктіресіз.
Мәдени орынның алтын қорынан мекеме қызметкерлерінің әскери киімдері мен құнды құжаттар, алғыс хат-марапат қағаздары және фотосуреттер, кезінде құпия дерек ретінде сақталған дүниелер табылып отыр. Айта өтейік, мұражайда мемлекеттің қауіпсіздігі үшін қызмет еткен азаматтардың 500-ден астам жәдігері сақталған.
«Жәдігерлерді жинақтау үшін де еңбектенеміз. қызметкерлердің туыс-жекжаттарын аралаймыз. кей кездері мекемелерге хат жазатын да кездеріміз болады. осылайша құнды дүниелерді жинап, мұражайда сақтап жатырмыз»- деген еді Сейдулла Мықтыбаев ағамыз сол мұражайды басқарып отырған кезінде.
Кейін де ел ішінде абыройлы ақсақалымыз Шымкенттегі тұрғылықты жерінде ауыл биі болып сайланып, сондағы мәселелердің оң шешілуіне ықпал етті. Осындай азаматтарды айту, жасаған еңбектерін көрсету арқылы біз ұрпақты тәрбиелей аламыз ғой? Бізге тәрбие жұмыстарын жүргізерде үлгі етіп көрсетер тұлғаларды алыстан іздеудің қажеті жоқ, арамызда, дәл жанымызда жүр. Тек, осыға мән бере бермейтініміз өкінішті-ақ.
Айта кетейік, Сейдулла мықтыбаев ағамыз екі орден, жиырмаға жуық медальдармен марапатталған. Сарыағаш ауданының «Құрметті азаматы», Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Құрметті ардагері».
Жұбайы Рахима Асаубайқызы екеуі үш қыз, бір ұл тәрбиелеп, олардан 13 немере, 2 шөбере көріп отыр.
Ұлы — Қанат Сейдуллаұлы Мықтыбаев әке ізін қуған офицер, ұлттық қауіпсіздік полковнигі.
80 жылдық өмірі 80 томдық кітапқа арқау болатын, 8 ұрпаққа өнеге болатын Сейдулладай ақсақалдарымыз бар кезде отаншылдық рухымыз төмендемек емес. Бірақ осындай кісілердің өмір жолын насихаттау кемшін түсіп жатқан сияқты. Идеологияға жауапты мекемелер, қоғамдық ұйымдар осы жағын ескерсе жақсы болар еді. Ұрпақ тәрбиесі елдің болашағы үшін маңызды екенін ұмытпау керек қой.
Сейдулла Үсенбайұлы ағамызды біз де 80-ге келген жасымен құттықтаймыз! Сіз бүгінгі ұрпақ үшін бәйтеректей биіксіз! Еңбек жолыңыз, қайсар рухыңыз бәрімізге өнегелі сабақ. Өзіңіз жүз жасаңыз, ұрпағыңызбен мың жасаңыз дегіміз келеді. «Қарттарымыз — қазынамыз» деп бекер айтпаймыз. Өздеріңіздей ақсақалдарымыздың көрсетер үлгісі, берер тәрбиесі ұрпақ үшін таусылмас қазына! Құдай осындай азынамыздан айырмасын!