Бүгін Түркістан облысы мәдениет басқармасына қарасты «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінің ашылғанына 2 жыл толуына орай мерекелік шара өтті. «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев шараны ашып беріп, құттықтау сөз сөйледі. Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев өз кезегінде кешеннің ашылу тарихы мен жұмыс барысына тоқталып, ұжымды айтулы мерекемен құттықтады.
Түркі елдерінің рухани астанасы саналатын киелі Түркістанның жаңа әкімшілік-іскерлік аймағында бой көтерген заманауи үлгідегі «Конгресс Холл» көпсалалы кешені тұтас түркі халықтарының өркениет ордасы үшін пайдасы зор. Кешеннің тарихы Облыстық мәдениет басқармасына қарасты «Түркістан сарайы» МКҚК-ның тарихымен тығыз байланысты. Тарихи жарлыққа сәйкес, Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан облысы болып аталуына байланысты, «Түркістан сарайы» концерттік ұйымы» МКҚК-ны 2020 жылдың 13 қыркүйегінде Түркістанда бой көтерген «Конгресс холл» көпсалалы кешені ғимаратына көшірілді. Ғимараттың ішіндегі 1000 орындық концерт залы, балалар демалыс бөлмесі, мәжіліс залдары, интернет желісін кедергісіз пайдалануға арналған бөлме (co working), шығармашылық және хореография залдары, кәсіби дыбыс жазу студиясы жоғары деңгейдегі техникалық құрылғылармен және қондырғылармен жабдықталған.
Небәрі екі жыл ішінде осында Халықаралық шаралардан бастап, республикалық, облыстық деңгейдегі мәдени-рухани, іскерлік шаралар өтіп, ұйымдастыру жұмыстарын жоғары дәрежеде атқарып келеді.
Шара барысында еңбегі сіңген бір топ қызметкер Түркістан облысы әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Әрі қарай ұжымның концерттік бағдарламасына ұласты. Кешке қатысушылар арасында ойын ойнатылып, жеңімпаздарға сыйлықтар таратылды. Сонымен қатар келушілерге арнайы көрме мен фуршеттік дастархан әзірленді.
Алдағы уақытта да «Конгресс Холл» көпсалалы кешені қала тұрғындары мен қонақтарын сапалы жұмыспен, оң нәтижелермен, түрлі концерттер мен іс-шаралар өткізіп, жағымды жаңалықтарымен қуанта береді деп сенеміз.