Бүгін ауданымыздағы «Оқсыз» спорт кешенінде белбеу күресінен 2007-2009 жылы туылған кіші жасөспірімдер (ұлдар мен қыздар) арасында Түркістан облысының чемпионаты өтуде. Балалар жылы аясында өтіп жатқан спорттық шараға Отырар, Сарыағаш, Жетісай, Мақтаарал, Сауран, Ордабасы, Бәйдібек, Созақ аудандары мен Кентау, Арыс, Түркістан қалаларынан келген жас спортшылар қатысып, бақтарын сынауда.
Облыстық чемпионаттың ашылу салтанатына арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ол өз сөзінде: «Халықтың тәрбиесінің үлкені — жастарды отан сүйгіштігіне батылдық пен ептілікке, деннің сау да шымыр болып өсуіне баса назар аударған. Кең байтақ Қазақстанның тарихи өлкесінің бірі Отырар өңірі болса, өлкеміз көне де тарихи мұраларға өте бай, ерлікке толы өлке. Осы қасиетті өлкеде жастар және жасөспірімдерді салауатты өмір салтына баулу мен бұқаралық спортты дамытуда аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің рөлі орасан зор. Ендеше бүгінгі өткізіліп отырған Балалар жылы аясында белбеу күресінен 2007-2009 жылы туылған кіші жасөспірімдер (ұлдар мен қыздар) арасында Түркістан облысының чемпионатына қатысушыларға сәттілік тілеймін!»,- дей келе жарысты ашық деп жариялады.
Мұнан соң спорт саласының ардагерлері Жонар Қаныбек пен Төрәділ Тұрабаев, Белбеу күресі федерациясының төрағасы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі төреші Қуатбек Байқожаевтар да салауатты өмір салтын қалыптастыруда осындай спорттық шаралардың маңызы зор екенін атап өтті.
Шара барысында спорт саласында еселі еңбек етіп, түрлі деңгейдегі жарыстарда үлкен жетістіктерге жетіп жүрген спортшылар Акбар Алденов, Қалмұқан Ғалымжанұлы, Жолдасбек Қалмаханұлы Түркістан облысының Қажымұқан атындағы белбеулі күрес түрлерінің федерациясының «Белбеу күресіне қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.
Одан әрі бозкілемде белдескен палуандар кіл мықтының ішінде шын мықты екенін дәлелдеп, даралануға барын салды. Жарыстың қорытындысы бойынша әр салмақта үздік атанғандар ҚР чемпионатына жолдама алды.