Түркістан облысы, Кентау қаласында «Мектепке жол» акциясы аясында бірқатар білім ордаларына қажетті құралдар берілді. Қала әкімі Жандос Тасов мектеп оқушыларымен кездесіп, жаңа оқу жылымен құттықтады. Мемлекет балалардың сапалы білім алуы үшін барлық қолдауларды атқаратынын атап, білімді болуға шақырды. Қала басшысы жас білімгерлерге мектепке қажетті құралдарын табыс етті.
Әр жыл сайын өткізілетін акцияға қаладағы «KAZ ENERGY OIL» компаниясының өкілдері өз үлестерін қосты. Компания өкілдері Кентау қаласының мектептеріне 200 компьютер алып берді. Сонымен қатар мың оқушыға сабаққа қажет құралдарын тапсырды.
Акцияның мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңiнде қолдау көрсету. Мұндай қайырымдылық шарасы тамыз айының соңына дейін жалғасады. Бұған дейін қаланың жанашыр азаматтары 300-ге жуық балаға мектепке қажетті құралдарын алуға көмек көрсеткен болатын.
Айта кетейік, әлеуметтік осал топтағы отбасы балаларын мектеп формасымен және мектеп құралдарымен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 1, 9 млн. теңге қаржы бөлінді. Қаржы 52 мыңнан астам баланың ата-аналардың есепшоттарына аударылады. Әр балаға 35 275 теңге белгіленді. Бұдан бөлек, «Мектепке жол» республикалық акциясы 568 балаға жалпы 12,5 млн.тг демеушілер тарапынан материалдық көмек берілген. Шара қыркүйек айының аяғына дейін жалғасады.
Жалпы бүгінгі күнге дейін «Мектепке жол» акциясы аясында демеушілер есебінен 8 млн. теңге көлемінде 531 бала оқуға қажетті құралдармен қамтылған. Оның ішінде, қала әкімдігі 200 балаға, «Amanat» партиясының Түркістан облыстық филиалы тарапынан 100 балаға мектеп формасы, оқу жабдықтары табысталды.
Ал акцияның 15 күнінде облыс бойынша 778 балаға жалпы 19 млн. 309 мың теңгеге демеушілер тарапынан материалдық көмек берілді. Сонымен қатар акция шеңберінде көпбалалы отбасылардың барлық балаларына мейлінше көмек көрсету көзделіп отыр.