Түркістан облысы, Ордабасы ауданында «Мектепке жол — шекарасыз жақсылық» науқандық акциясы өтті. Темірлан ауылының орталық алаңында таңнан бастау алған іс-шарада мектеп оқушыларының киім үлгісін өндірушілер мен сатушылар, кеңсе тауарлары және мектепке қажетті заттарды сатушылар аудан тұрғындары үшін өз өнімдері мен тауарларын ұсынды.
Бұл Ордабасы ауданындағы Темірлан елдімекені. Мұндағы жәрмеңкеге жиналған ата аналар аз емес. Тіпті шалғай ауылдардан да баласын жетектеген тұрғындар келіп жатты. Барлығына мектепке қажетті заттарды арзан бағаға алуға асық. Жаңа оқу жылына жалпы облыстық бюджеттен әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шыққан 3248 балаға 37300 теңгеден бөлінген, мұнан бөлек аудан әкімі Нұрбек Бадырақовтың арнайы тапсырмасымен дербес бөлімдер, ауыл әкімшілігі мен кәсіпкерлер тарапынан 700-ден астам бала мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешектермен қамтамасыз етілді.
Бұл реткі «Мектепке жол» республикалық жәрмеңкесінің мақсаты – оқу жылына дайындық уақытында аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсету.
Жәрмеңкеге 100 шақты жеке кәсіпкердің тігін фабрикасының дайын өнімдері, Шымкент қаласының сауда орталықтарының өкілдері, сондай-ақ, аудан орталығындағы кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер күзгі оқу маусымына қажетті құрал-жабдық, мектеп формасы, спорттық киімдермен және тағы басқа тауарларын 10-15 пайыздық жеңілдікпен ұсынды.
— Аудаанымызда 2845 көп балалы отбасы бар. Ауданымыздың кәсіпкерлерінен көмек сұрап, мына балаларымызды киіндіру мақсатында жәрмеңке өткізіп отырмыз,- деді Ордабасы аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаева
Айта кетерлігі, аталған науқандық акция осы уақыт аралығында ауданның барлық ауыл окургтері мен ауыл, елді мекендерінде жалғасын табуда.