Түркістан қаласында «Мектепке жол» акциясы аясында ұйымдастырылған «Мейірім» іс-шарасына 200-ге жуық бала келіп, сыйлық алды. Жалпы 1000-нан астам оқушыға оқу құралдары бар сөмке берілмек.
Жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі түрде өтетін республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясының мақсаты – әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңiнде қолдау көрсету.
Балалар жылында бұл акция «Мектепке жол – Шекарасыз жақсылық» ұранымен өтіп жатыр. Науқанға кез келген адам қатыса алады: еріктілер, бизнесмендер, меценаттар, үкіметтік емес ұйымдар және т.б. Қатысушылар мұқтаж отбасылар мен балаларға қолдау көрсете алады немесе керісінше көмек сұрай алады. Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков Оқушылар сарайында ерекше мерекеге қатысып, бүлдіршіндердің өнерін тамашалады. Түркістандық балаларға сый-сияпат жасап, ізгі ниетін арнады.
Іс-шараға сондай-ақ, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлжан Әбенқызы, әжелер алқасының төрайымы Серім Айғаным және депутаттар қатысып, бүлдіршіндерге құттықтауларын арнады.
Айта кетейік, «Мектепке жол» акциясы демеушілердің көмегімен жүзеге асырылып жатыр.
Биыл Түркістан облысындағы 961 мектепте 510 мыңнан астам бала білім алады.Ал, 1-сыныпқа 54 570 оқушы қабылданады. Бұл еліміздегі ең үлкен көрсеткіш. Жаңа оқу жылына қарсы 5 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Жыл соңына дейін тағы 16 мектептің құрылысы аяқталады. Өңірде жекеменшік мектептер саны 56 –ға жетті. Облыс бойынша үш жылда 200 мектеп салу жоспарланған. Облыс бюджеті мен «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында 32 мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін 4 012,7 млн.теңге қаралды. Әлеуметтік осал топтағы отбасы балаларын мектеп формасымен және мектеп құралдарымен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 1, 9 млн. теңге қаржы бөлінді. Қаржы 52 мыңнан астам баланың ата-аналардың есепшоттарына аударылады. Әр балаға 35 275 теңге белгіленді. Бұдан бөлек, «Мектепке жол» республикалық акциясы 568 балаға жалпы 12,5 млн.тг демеушілер тарапынан материалдық көмек берілген. Шара қыркүйек айының аяғына дейін жалғасады.