Осыдан 10 жыл бұрын жұмысын бастаған «Жетісай ауданының мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернаты» (Жетісай Дарын) өткен оқу жылын керемет көрсеткіштермен тәмамдаған болатын.
Білім ұясынан қанат қаққан 54 бітірушінің 14-і «Алтын белгі» иегері атанса, 17 түлек «Үздік аттестат» алды. Ұлттық бірыңғай тестілеуге де 100 пайыз қатысып, орташа балл 115,6 болған. Сондай-ақ, мектеп бітіруші 54 түлектің 52-сі мемлекеттік грант иегері атанып отыр.
Айта кетейік, аталмыш мектеп-интернатын 10 жыл ішінде аяқтаған 345 оқушының 328 түлегі мемлекеттік білім грант иегері атанса, 138 бітіруші «Алтын белгі», 68 бітіруші «Үздік аттестат» алған.
– Дарын» мектеп-интернатының дамуы мен көркеюі, білім сапасының артуы мектеп ұжымының, ұстаздарымыздың біргелікте жұмыс жасауының арқасы деп білемін.
Мектебіміздің, шәкірттер мен ұстаздарының алар асуы, шығар шыңы әрқашан жоғары болып, еліміздің өркендеуіне қосар үлесі мол екеніне сенемін, – дейді «Жетісай ауданының мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернаты» КММ директоры Кобейбек Алиев.
Айта кетейік, түлектерінің 44-і Халықаралық университеттерде, 12-сі шет елдердің жоғары оқу орындарында, 176 бітіруші ұлттық университеттерде, 117 шәкірті мемлекеттік университеттерде білім алып, оқуды аяқтағандары өз мамандықтары бойынша жұмыс жасауда.
Айтпақшы бұдан бөлек, Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназияны биыл бітірген 63 түлек те түгел мемлекеттік грантқа ие болды. Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназия 1986 жылы ашылған. 2009 жылы оған гимназия деген статус берілді. Соңғы 20 жылда мектептен 444 Алтын белгі, 220 Үздік аттестат иесі түлеп шыққан.
Осылайша, осы ауданның түлектері ел назарын өзіне аударып отыр. Және өз оқу орындарының абыройын асқақтатуда.