– Түркістан облысында халық саны көбейіп келеді. Ол – қуанышты жағдай. Енді сол елге қажетті жұмыс орындарын, өндіріс орындарын көбейту – уақыт талабы. Түркістан өңірінің тұрғындары қашан да кәсіпкерлікке бейім болған. Кәсіпкерлік субъектілері саны жөнінен облысымыз Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласынан кейін үшінші орында тұр. Кәсіпкерлер саны жылдың өзінде 10 мыңға өсіп, 155 мыңға жетті. Сондықтан біз кәсіпкерлікке үлкен маңыз беріп, «Қарапайым заттар экономикасы» мен «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы арқылы қолдау көрсетіп отырмыз. Түркістандағы құрылыстарды да жергілікі кәсіпкерлер атқарып жатыр. Кәсіпкер болу – өте қиын. Ол үшін экономика, заң, бухгалтериядан білім болуы керек. Ұйымдастырушылық шеберлігі жоғары және тәуекелге бара алатын азаматтар ғана мықты кәсіпкер бола алады. Біз өңірде «Кәсіпкерлік қырандары» атты жобаны іске қостық. Танымал, ірі кәсіпкерлер жас әрі ізденіс үстінде жүрген кәсіпкерлерге өз білгендерін үйретеді. Жобаларын қаржыландырып, қолдау көрсетеді. Бұл жоба жалғасын табады. Аудан әкімдеріне де ауыл-аймақтан іскер, кәсіпкерлікке бейім жастарды табу, қолдау көрсеу туралы тапсырма берілді. Кәсіпкерлік – экономиканың қозғаушы күші. Бизнес өз кезегінде әлеуметтік жауапкершілікті сезінуі қажет. Ең керегі өңір тұрғындарын тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету. Жалпы Түркістанда «Кәсіпкерлік қырандары» жобасының ІІІ шығарылымы өтті. Бизнесті бизнеске қолдау көрсетуге шақыратын маңызды іс-шараға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен кәсіпкерлер, менторлар, жоба авторлары қатысты. Өңір басшысы бұл жобаның кәсіпкерге берері көп екенін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Жобаны Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы мен облыс әкімдігі жүзеге асырып отыр. Мақсаты – өңірдегі ірі, орта кәсіпкерлер микробизнесті, стартаперлерді қолдайды.




