Соңғы кездері республикамызда ғана емес, әлемде де тәжтажал індетіне шалдыққандар саны күн санап көбейіп барады. Осыған орай, Түркістан облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимовқа жолығып, медицина саласындағы жетістіктер мен қордаланған өзекті жайлары, жергілікті тұрғындармен жасалып жатқан алдын алу шаралары туралы білген едік.
— Марат Орынбасарұлы, қазіргі таңда облысымыздағы денсаулық саласының хал ахуалы қандай дәрежеде?
— Түркістан облысында 2018 жылдан бастап медицина саласын жақсарту мақсатында көптеген жұмыстар атқарылды. Жаңадан ауруханалар ғимараты салынуда. Медициналық – техникалық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, емдеудің жаңа әдістеріне қол жетімділік артуда. Дәрігерлеріміз Америка, Түркия елдерінде білім алып тәжірибе алмасып, біліктіліктерін арттырды.
Денсаулық сақтау жүйесі – қоғамның әлеуметтік өмірінің ең маңызды саласы. Елімізде денсаулық сақтау саласын жетілдіру үшін жыл сайын орасан зор қаржы бөлініп, жекеменшік секторды қоса отырып, қаржыландыру мен басқарудың жаңа әдістері енгізіліп жатыр. Дәрігерлерді оқыту мен олардың біліктілігін арттыру бойынша жаңа кадр саясаты қалыптасып келеді.
Түркістан облысында науқастардың іш қуысы мен бүйрек органдарын, тыныс алу және сүйек жүйелерін диагностикалау үшін 10 медициналық ұйымдарға компьютерлік томография (КТ) құрылғысы бюджет есебінен сатып алынып орнатылды. Оның ішінде – екі облыстық аурухана (облыстық клиникалық және балалар ауруханасы), үш қалалық (Түркістан қалалық және балалар ауруханасы, Кентау қалалық ауруханасы), бес аудандық ауруханаға (Жетісай, Шардара, Сарыағаш, Сайрам, Отырар аудандық ауруханалары) орнатылды.
Жалпы алғанда 2021 жылдың 4 айлығымен (81%) салыстырғанда 2022 жылы медициналық ұйымдардың жарақтандырылу деңгейі 3,35% (83,35%) өсті. Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту бойынша облыстық жедел жәрдем станциясын нормативке сәйкестендіру мақсатанда Түркістан қаласында 2021 жылы 25 бригадаға арналған жедел жәрдем станциясының құрылысы басталып, қазіргі таңда халық игілігіне пайдалануға тапсыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Түркістан қаласында халықаралық стандарттарға сәйкес 570 төсек-орындық көпсалалы аурухана құрылысы жүруде. Сондай-ақ, Түркістан қаласында заманауи перзентхана салу үшін Біріккен Араб Әмірлігімен Абу-Даби қорымен келіссөздер жүргізілуде. Қорыта келе, Түркістан облысында денсаулық сақтау саласы бойынша материалдық-техникалық жарақтандырылу деңгейі жылдан жылға өсуде. Ал ескі нысандардың орнына жыл санап инфрақұрылымы типтік заманауи ғимараттар салынуда.
— Медицина қызметкерлерінің тәжтажал індеті кезінде атқарған қаһармандық еңбектерін жоққа шығаруға болмайды. Осы кезеңде Гиппократ антына адалдығын дәлелдеп, бейбіт күнде ерлік көрсеткен дәрігерлер өз дәрежесінде марапатталды ма?
— Медицина қызметкерлерінің індет кезінде атқарған қаһармандық еңбектері де елеусіз қалған жоқ. 2020 жылы азаматтардың денсаулығын сақтаудағы табанды да қажырлы еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, көптеген ақ халатты абзал жандар марапатталды. «Парасат» орденімен-1 қызметкер, «Құрмет» орденімен-3 қызметкер, «Ерен еңбегі үшін» медалімен-4 қызметкер, «Шапағат» медалімен — 3 қызметкер, Қазақстан Ресубликасының Құрмет грамотасымен- қызметкер марапатталды.
Сондай-ақ, 2020 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес «Халық алғысы» медалімен-31 қызметкер марапатталды.
2021 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес «Халық алғысы» медалімен-30 қызметкер марапатталды. 2020 жылы коронавирус-тәжтажал індетімен күрес шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған 43 306 медицина қызметкерлеріне 8,4 млрд. материалдық үстемақы, 2021 жылы 48 949 медицина қызметкерлеріне 10,8 млрд. үстемақы төленді. Коронавирус індетімен күрес шеңберінде жұмыс бабында қайтыс болған 13 медицина қызметкерлерінің туыстарына жергілікті бюджет есебінен, 3 медицина қызметкерлерінің туыстарына республикалық бюджет есебінен 10 млн. теңгеден материалдық көмек көрсетілген.
— Марат Орынбасарұлы, сүбелі сұқбат бергеніңіз үшін үлкен рахмет!