Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков Жүйнек ауылдық округінде кездесу өткізіп, тұрғындар көтерген мәселелерге жауап берді.
Жүйнек ауылдық округінде 2022 жылы жоба құны 232,0 млн.теңгені құрайтын сауықтыру ке-шені, дүкен, қоғамдық тамақтану орыны сияқты 3 инвестициялық жобаның құрылысы жүруде.
Ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажын ел ағалары Фархат-ака Абдурахманов, Халидолла Мұстапаев, Абдужаппар Абдулахаповтар жеткізді. Бұған дейінгі елді-мекендерге ұқсас проблемалар мұнда да баршылық. Ең алдымен елге керегі күн санап құрғап бара жатқан су тапшылығы. Екінші орында жарықтың түгел жеткізілмеуі және табиғи газдың кешеуілдеуі. Тарылып бара жатқан мал жайылымы. Бұған дейін де бірнеше рет жүйнектіктермен кездесіп, тұрғындардың өзекті жайларымен жақсы танысқан аудан әкімі алдағы атқарылар жұмыстарға кеңінен тоқталды. Бірлесіп шешер мәселелерді еркін түрде ортаға тастады.
Жүйнек үшін ең әуелі сапалы ауыз сумен елді мекендерді толығымен қамту. Сауран ауданы бойынша елді мекендердегі 2011-2018 жылдары құрылыс жұмыстары жүргізілу барысында жобаға енбей қалған және жаңадан қоныстанған аумақтарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, 8 нысан бойынша аудан әкімінің қаулысы шығарылып, сәулет жоспарлау тапсырмасы әзірленді. Жобалау-ізденіс жұмыстарының сметасы әзірленіп, қаржы бөлдіруге «Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына» тапсырылды. 8 нысан бойынша жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге жалпы – 108,013 млн.теңге қаржы бөлдіру қажет.
Осыған орай, «Сауран ауданындағы Жүйнек ауылдық округі, Жүйнек елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысына 10 331,68 мың теңге бөлу көзделген. Жүйнек ауылдық округіне қарасты Жүйнек және Шыпан елді мекендеріндегі қолданыстағы су қоймаларына сыйымдылығы 50 м³ су мұнарасын орнатуға жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Жоба дайын болған соң, орталық су жүйесіне қосылып, елді мекен тұрғындары тұрақты ауыз сумен қамтылатын болады.
— Алдағы уақытта «Сауран-су» компаниясына тіркеліп ауыз судың және электр қуатының тарифын белгілеу жұмыстары атқарылады. 2025 жылға дейін бұл жұмыстар толығымен орындалады. Жүйнек, Қарашық су лотоктары 50 пайызға дейін ескірген. Оны жаңалау қажет. Қосқорған су қоймасын тиімді пайдалану жөніндегі ұсыныстарыңыз ескеріледі. Төрт трансформаторды да ауыстыру керек.
Тұрғындар тарапынан табиғи газбен қамту мен жол жөндеу сияқты бірқатар мәселелер көтерілді. Ғани Құрмашұлы бүгінгі таңда, аудан әкімдігі тарапынан Жүйнек ауылдық округін табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша облысқа қаржы бөлуге бюджеттік өтінім берілгенін, құрылыс жұмыстарын 2022-2024 жылдары жүргізу жоспарланып жатқанын айтты.
— Жақында Теке, Қожанов, Жалаңтөс, Нұртас ауылдарын газға қоса бастадық. Алайда, көп үйлердің құжаттары дұрыс емес. Осы мәселелер газдандыруға кедергі келтіріп отыр. Оранғай, Қарнақ жобаларын жасап қойдық. Жүйнекке газ 2023 жылы келеді, — дейді аудан әкімі Ғани Құрмашұлы.
«Биылғы жылы Жүйнек елді мекеніндегі Түркістан көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша да бірнеше жұмыстар жоспарлануда. Оның ішінде мектеп, балабақша, поштаға баратын жолдар алдымен қамтылады. Сонымен қатар, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан «Түркістан-Жүйнек-Қарнақ» автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Көшелерге бақылау камералары орнатылады», — деді Ғ. Рысбеков.
Сондай-ақ, аудан әкімі жөнделетін жолдардың сапасын қадағалау мақсатында тұрғындардан жұмысшы топ құрылып, халықтық бақылау жүргізілетінін жеткізді.
Ауылдық округтегі қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында бейнебақылау мен жол белгілері мен жасанды жол кедергілерін орнату жоспарлануда. Бұрын учаскелік инспектор тұрақтамаған ауылға Бақытжан Базарбаев есімді азамат учаскелік инспектор болып бекітіліп, алғашқы жұмыс күнін бастады. Сонымен қатар, аудан әкімі Шекербұлақ елді мекеніндегі Абылайхан, Ғани Мұратбаев көшелерін, Шекербұлақ және Жүйнек елді мекендеріндегі Байтерек, Көктем, Абай көшелерін, Шыпан елді мекеніндегі Ордабасы, Бабыр көшелерін жарықтандыру жұмыстары жүргізілетінін айтты.
Ауыл тұрғындары жеке үй салу мақсатында жер алу мәселесін көтеріп отыр. Қазір кей үйлерде төрт-бес келінімен тығылысып тұрып жатқандары бар. Бұл жөнінде аудан әкімі жер алу кезегінде тұрғандардың санын және кезегінің ретін сараптаудан өткізу қажеттігін алға тартты. Ауыл әкімінің айтуынша, Жүйнек ауылдық округінде 2500-ден астам адам жер алу кезегінде тұр. Аудан әкімі жердің инфрақұрылымын жасауға кәсіпкерлерді де тарту бастамасын қолдап отыр.