Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы бірқатар өндірістік кәсіпорындарды аралады. Соның бірі – «Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан Орталық Азияда теңдесі жоқ алюминді банкілер шығаратын зауыт.
«KazALPack» ЖШС-ның көлемі 6 гектар. Инвестициялық жобаның құны — 23,4 млрд. теңге. Жылына 500 млн қақпағы бар банкі шығаруға қауқарлы кәсіпорын 157 адамды жұмыспен қамтып отыр. 80 пайыз ішкі нарыққа, 20 пайыз сыртқы нарыққа шығарылады. Өткен айда техникалық пайдалануға берілді. Өндірілген өнім елге келген импорттың 60 пайызын алмастырады.
Жоба аясында сыраны, шырындарды, газдалған және газдалмаған әлсіз алкогольді және алкогольсіз сусындарды құюға арналған түрлі көлемдегі оңай ашылатын қақпақтары бар, алюминий банкілерін шығару жоспарлануда.
Экологиялық аспект маңызды факторлардың бірі. Алюминий банкі — әлемдегі экологиялық ең таза және қайта өңделетін қаптама. Алюминий банкаларының жартысынан көбі қайта өңдеуге жіберіледі. Оны қайта өңдеуге және қайтадан шексіз пайдалануға болады.
Қазіргі таңда өндірістік және қойма үй-жайларын салу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Өндірістік жабдықтар кезең-кезеңімен жеткізілуде.
Қала әкімі кәсіпорын басшыларына құрылыс жұмыстарымен қатар, қазірден бастап мамандар даярлауға, бұл салада кәсіптік-техникалық колледждермен меморандум түзуді тапсырды.
«KazAlPack» ЖШС жобасы «Қазақстан Халық Банкі» АҚ және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2022 жылы еліміздің өңірлерінде жалпы құны 1,4 трлн теңгені құрайтын 90 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Өндіріс ошақтарында 10,8 мың тұрақты жұмыс орны құрылады.