Түркістан қалалық «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ-нің мамандарынан құрылған арнайы үгіт-насихат тобы шаһардағы жарнамалар мен тамақтану орындарындағы ас мәзірінің Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңына сәйкестігін тексеруде. Рейдтік аралау барысында жұмысшы топ 30-ға жуық тамақтану орнының мәзірін бақылап, анықталған кемшіліктер бойынша иелеріне заңның талаптарын түсіндірді.
Рейдтік топ 20-ға жуық жарнамадан олқылықты анықтап, Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» Заңның талаптары мен «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңы бойынша үгіт-насихат жұмысын жүргізді.
Былтыр Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын. Соған сәйкес хабарландыру, жарнама, прейскурант, баға белгілері, мәзір, көрсеткіштер және басқа да көрнекі ақпараттар ең алдымен мемлекеттік тілде жариялануы тиіс. Тек қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа тілдерде орналастыруды көздейді. Нысандардағы маңдайшадан бастап, ас мәзірлеріне дейін қазақшалануы тиіс. Бұл бағытта түсіндіру жұмыстары жалғасады.
Жалпы айтқанда кәсіпкерлік нысандарда тілді оқыту мәселесі – қазіргі тіл саясатындағы ерекше мән беріліп отырған басым бағыттың бірі. Расын айту керек, бизнес өкілдерін, кәсіпкерлерді қазақша сөйлету оңай емес. Аталған мәселеге қатысты биылғы жылы Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының мұрындық болуымен 24 сағаттық қысқамерзімді курс бағдарламасы әзірленіп, өңірлердегі оқыту орталықтарына таратылды. Бұл бағдарлама:
- мамандардың өздері қызмет ететін мекемелерде қазақша қарым-қатынасқа түсе алуын;
- қарапайым хабарландырулар, жарнама, нұсқаулықты түсініп оқи алуын;
- өз мамандығына қатысты терминдерді түсініп, қолданысқа енгізе білуін;
- тұтынушымен қарым-қатынасқа түсе алуын;
- әріптестерімен кездескенде жұмысына қатысты қысқа әрі нұсқа сөйлесе алуын;
- өзі қызмет ететін салаға қатысты теледидар мен радио хабарларын, газет-журналдағы қысқаша ақпаратты түсіне алуы және екінші бір адамға жеткізе алуын көздей отырып, әзірленді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі