Мереке атаулының атқаратын қызметі мен көтерген жүгіне қарай мазмұны алуан түрлі. Тереңдеп айтқанда, бір мереке арқылы ұлттық идеологияны, елдік саясатты насихаттауға болады. Сол үшін де ұлт пен мемлекеттердің арманын, мұратын айқындайтын алуан түрлі дәстүрлі мерекелер бар. Еліміз тұрғысынан шоқтығы биік, мәні тағылымға толы деп мемлекеттік рәміздер күнін атағанымыз дұрыс болмақ.
Алғаш 1992 жылдың 4 маусымы Қазақстан Республикасының рәміздері бекітілгеннен бүгінге дейін дара қадірімен қастерленіп отыр. Сол күннен бастап ұлттық бірегейліктің тірегі мен мемлекет дамуының ажырамас бөлшегі, жол нұсқаушы бағдаршамына айналды. Ал осы бір күн ел есінде елеулі тарих болып қала берді. Тіпті сан ғасырлық бабалар салған іздің өлгенін тірілтіп, өшкенін жандырдық дейтін мақтаныш сезімін сыйлады. Оған уәж ретінде алғашқы қоғамда қалыптасқан тотемге және Түркі заманындағы көкбөріге табынудан басталған танымды айттық. Қарсы келген дұшпанның тізесін бүктіріп, халқын жаудан қорғаған хандықтар тұсында ұстаған жалауларын, елтаңбаларын, ру белгілерін салдар етіп көрсеттік.
Анығы тарихы ұзақ, заманына қарай аталуы басқаша болған рәміздер тереңге тамыр тартып, ұлттық рухымызды асқақтатқан үстіне асқақтатып отыр. Бұл тұтас ел азаматтарының бақыты десек өтірік айтпаған боламыз. Ел болашағы болған жас ұрпақ үшін тіпті ұлы бақыт. Олай деуіміздің толып жатқан себептері бар. Кешегі зұлымдық пен озбырлықтың қамшысы ойнап, тоталитарлық жүйенің қылышынан қан тамған нәубет заманда ұлттың серкелерінің жүрегінде сенім болды. Ол сенім келер ұрпақ бізден бақытты күн кешіп, түбі еркіндікке қолы жетер деген ой қазығына байланды. Ақыры бірнеше ұрпақ армандап кеткен азаттық таңы көкбайрақ болып көк аспанда желбіреді. Кейіндеп «Менің Қазақстаным» әнұраны болып шетсіз-шексіз қазақ даласында шырқалды. Елтаңба болып мемлекеттік мекемелер төрінде халқыңа қызмет ет деп жол нұсқады.
Мемлекеттік рәміздер даңқы бордай тозып көп қорлық көрген елін орнынан тұрғызып, қайта басын құрап, бақыт жолына бастады. Өскелең үмітке, алға ұмтылар рухқа жетеледі. Оның да дара себебі жеткілікті еді. Атап айтар болсақ, рәміздер жобаларын жасау конкурсында 600-ден астам адам бақ сынады. Бәрі дерлік өз мамандығының білгірі, заманының жүйрігі болатын. Содан да мемлекеттік ту эскиздері бейнеленген шығармашылық конкурсына келіп түскен 1200 өтінімнің, елтаңбаға арналған 245 сурет жобасы мен 67 кескіндеменің және әнұранға делінген 750 нұсқаның бәрі мемлекетке деген биік махаббаттың жемісі бола алды. Соңында таланттылықтың тамаша табысы ретінде өзіндік беталысы бар суретші Шәкен Ниязбеков салған мемлекеттік туы жеңіп шықты. Ал тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі елтаңбасы екі танымал сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың тер сіңген туындылары лайық болды. 2006 жылы жаңа мемлекеттік гимн қабылданды. Осы бір атаққа Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне, Шәмші Қалдаяқовтың әуеніне жазылып қалам күштің құдіретін, ақыл-ойдың үздік зердесін көрсеткен, елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өңдеген шығарма кенелді.
Содан бері жалпағынан жарылып, бөксесінен бүктетілген жиырма сегіз көктемде Қазақ елі жаһандық көшке ілесіп келеді. Әлемнің төрінде мемлекеттік рәміздеріміз еліміз атымен бірге салтанат құруда. Жеңу-жеңілу, гүлдену-құлдырау дейтін тарих доңғалағы баққа айналды. Елдікке жеткеннен беріде талай-талай тайталасты, аумалы-төкпелі жағдайды, үлкенді-кішілі өзгерісті, саяси-әлеуметтік жағдайды бастан өткіздік. Сүйте-мүйте оны-мұны дегенше бүгіннің бейнеті мен зейнеті, зияны мен пайдасы, сыры мен қыры, жеңісі мен жемісі көңіл сарайымызда сайрады. Солай жасадық та рәміздер тағылымын жадымызға сіңдірдік. Тіпті елдің келешегі дейтін жастарға отансүйгіштік қасиетін ертеден бойға дарытуға тағы сол рәміздерді арқау еттік. Жыл сайын дәстүрлі тойланатын бұл даталы күннің астары осындай керемет мәнге ие болды. Бұл иелік жалғаса береді де.
Құдыретті, алтын басты адам, нақтылап айтқанда адам өнері, ақыл-айласы, қимылы қашанда болсын шынайы істермен көрініс табатын түйін екені белгілі. Ол іс отанға деген сезіммен бейнеленуі шарт болса, әуелі мемлекеттік рәміздерге құрметтен басталуы керек. Шынайы тұрғыда біздің ұлтқа қызмет етуіміз сол ұлттың егеменді еліне, егеменді елдің бейнесі (атақ немесе абыройы) мемлекеттік рәміздеріне адал болудан тұруы керек. Міне, бұл бәріміздің маңдай алды міндеттеріміздің бір парасы болуы ләзім. Біз сонда ғана мәңгі елдің мәңгілік ұрпағымыз деп мақтанышпен, нық сеніммен айта алатын боламыз.
Бақытжан БУКЕБАЕВ,
Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы.
(yassy-tur.kz)