Аудан әкімі Уласбек Садибеков тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдау өткізді.
Жеке қабылдауға аудан әкімінің орынбасары Хасанов Бахытбек, тиісті сала басшылары мен жауапты мамандары қатысты.
Қабылдау барысында аудан әкімінен Қарасу ауылының тұрғыны О.Ибрашева Белорусь еліндегі соғыс ардагерінің мәйітін алып келу үшін қаржылай көмек көрсетуді сұранды. Аудан әкімі Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан азаматтардың сүйегін қайта жерлеу үшін алып келуге аудан бюджетінен қаржы қаралмаған, бірақта демеушілер есебінен көмек қарастыру мүмкіндігін айтты.
Аталған мәселе бойынша аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінен облыстық басқармаға арнайы хат жолдау, сонымен қатар О.Ибрашева және ұлымен бірге шет мемлекетке барып-келу шығынын есептеп, жұмсалатын қаржы көлемін анықтауды аудан әкімінің орынбасары Б.Хасанов және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы А.Айтекееваларға тапсырды.
Келесі кезекте қабылдауда болған Ақсукент ауылының тұрғыны Л.Күрбенова жалғыз басты ана, өздігінен жұмыспен қамтылған, бірнеше жылдан бері жалдамалы пәтерде тұратынын айтты. Өзінің әлеуметтік жағдайы мен табысының төмен болуына байланысты тұрғын үйге мұқтаж екенін жеткізді.
Бүгінгі таңда Сайрам ауданы бойынша тұрғын үй қорынан тұрғынжайға мұқтаж азаматтардың әлеуметтік аз қамтылған отбасылар тізімінде 16.09.2020 жылдан «Толық емес отбасы» санатымен №1021 кезектілікте тұр. Алайда, бүгінгі таңда аудан аумағында бос тұрған, дайын тұрғын жайдың болмауына байланысты, тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіншілік жоқ екені түсіндірілді.
Айта кетелік, Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуіріндегі «Тұрғын үй қатынастары туралы» №94 Заңының 74-бабына сәйкес Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің, жетiм балалардың және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналардың, көпбалалы отбасылардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды бірінші кезекте алуға құқығы бар. Қалған санаттармен тізімдерге енгізілген азаматтардың құқықтары тең деп танылады.
Аудан әкімі жалғыз басты ананың жағдайын зерделеп, ауылдық округінің әкімшілігі арқылы аз қамтамасыз етілген отбасылар тізіміне енгізуді, демеушілер есебінен «Қамқорлық» бағдарламасы арқылы мүмкіндігіне қарай тұрғын үймен қамтуды ауылдық округінің әкімі Ә.Бөрібековке тапсырды.
Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі