Төлеби ауданында жеңіл өнеркәсіп саласы өркендеп келеді. Аудан аумағында сүт өнімдерін дайындайтын екі ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Сондықтан болар, сүт өнімдеріне деген сұраныс күн санап арта түсуде. Шаруалар өз кезегінде cүтті бағыттағы ірі қара өсіруді қолға алып, бүгінде бұл жұмыс қарқынды жүзеге асуда.
Сондай фермалардың бірі – Бірінші Мамыр ауылдық округінде орналасқан «Болашақ нұры» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі. 2010 жылы ашылған шаруа қожалығы алғашында етті бағыттағы ірі қараны өсіру ісімен айналысқан. Кейіннен Алтай өңірінен асыл тұқымды ірі қара әкеліп, сүтті бағыттағы мал өсірумен айналысуға ден қойған. Бүгінгі таңда 200-ге жуық сиыры бар. Күніне 1,5 тонна сүт сауып, литрін 190 теңгеден сауда орындары, кәсіпорындарға өткізіп, 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
АӨК төрағасы Миразиз Мирсидиковтың айтуынша былтыр қуаңшылыққа байланысты жем-шөп тапшылығы орын алған. Ал, биыл шөп бітік шыққан. Өткен жылдан сабақ алған кәсіпкер Арыс қаласы Ақдала елді-мекенінен 300 гектар жайылым және шөп егетін егістік жер сатып алған. Нәтижесінде жыл басынан бері 27 мың пресс мал азығын жиып үлгерген.
Сонымен қатар, жаз мезгіліндегі шомылу маусымының ашылуына байланысты, суға бату, ағып кету жағдайларының алдын алу мақсатында Төлеби ауданының тұрғындары мен қонақтарына су айдындарында суға түсу кезіндегі қауіпсіздік шараларын сақтау, жас балаларды қараусыз қалдырмау бойынша үгіт насихат жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар шомылуға тиым салынған орындарда шомылуға болмайтындығын хабарлап, түсіндірме жұмыстары жүргізіліп Төлеби АПБ-нің қызметкерлерімен бірге шомылуға тиым салынған жерлерге шомылған азаматтарға ескерту берілді.
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі




