Биыл «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 85 жыл толып отыр. Осыған орай, қалалық мәдениет үйінде зағип жандар арасында «Өнер әлемі» атты облыстық байқау өтті. Байқауға Түркістан өңірінің әр аймағынан келген 20-ға жуық өнерлі жан қатысты.
Шараға қала әкімінің орынбасары Рысдәулет Айтбаев қатысып, жазмыштың жазуымен жанарынан айрылса да, бойға біткен таланты мен өнерін паш етпекке келген зағип жандарды мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқау үш кезеңге созылды. Алғашқы кезеңде қатысушылар дәстүр мен мәдениеттің тоғысындай болған терме айту өнерімен сайысқа түсті. Көрмерменнің ыстық ықыласына бөленген термешілердің ізін жалғай күмбірлеген күйін төккен домбырашылар өзара сайысты. Ал байқаудың үшінші кезеңінде қатысушылар ойы терең, сөзі нәрлі, көпке тигізер шапағаты мол бата берумен сайысты.
Байқау қорытындысы бойынша, Жетісай ауданынан келген Алмас Байсейітов пен Бәйдібек ауданынан келген Таласбай Сейтқазиев, ал бата беру сайысынан Қожаназар Балғабаев жүлделі орындарды иеленіп, қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Соқырлар қоғамы Әлемдік және Еуропалық соқырлар одағының мүшесі болып табылады. Жалпы Соқырлар қоғамының басты мақсаты – 1-, 2-топ мүгедегіне жататын соқырлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, әлеум. қамсыздандыру, еңбекке қосу.
Өз мақсаттарын жүзеге асыру үшін соқырлар қоғамы мүгедектер жөніндегі комиссиялар мен кеңестердегі өз өкілдері арқылы мемл. биліктің өкілдік және атқару органдарымен ықпалдасады. Қазіргі уақытта соқырлар қоғамы 20 мыңнан астам соқырларды ұйымдастырып отыр. 14 облысы және 2 қалалық бөлімшесі, 200 ұйымы, 33 кәсіпорны және “Спутник” демалыс үйі (120 орын) бар.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі




