Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында конго-қырым қанды безгегі секілді аса қауіпті саналатын жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша жасалып жатқан жұмыстар сараланды. Көктемгі кезеңде Түркістан облысында 1,4 млн бас ірі мал мен 4,5 млн бас ұсақ мал залалсыздандырылған. Мамандардың сараптау қорытындысы иньекциялаудың оң нәтиже бергенін анықтады. Маңызды шараның екінші кезеңі басталады. Бұл тұста үйіргелік қора-жайларды залалсыздандыруға басты назар аударылмақ.
Кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының сапасы мен тиімділігін анықтау бойынша аудан, қалаларда тиісті мекеме қызметкерлерінің қатысуымен арнайы комиссия құрылған. Олардың жұмыстары қатаң қадағалауда болады. Сала мамандары елдегі карантин кезінде халықтың шоғырлануы тоқтап, көрсеткіш жақсарғанын айтады. Конго-қырым қанды безгегінің табиғи ошақтарында орналасқан елді-мекендерді қорғау бойынша жоспарлы шаралар биыл да жалғасады. Осылайша Түркістанда қырым қанды безгегін қоздырушы кенемен күрес шаралары күшейтіледі.
Жалпы Конго-қырым қанды безгегі — вирустық жұқпалы ауру. Инфекция кене шаққан жерден басталады және сырқат адамның қаны тигенде жұғады (аурухана ішінде жұғады, тістеуден тікелей қанға өтеді). Адамның дене қызуы көтеріліп, қан кетеді, бас және бұлшық еті ауырып, тері бөртпесі, тері арасында қанды сүйел пайда болады. Адам кездейсоқ уақытта кененің шағуына шалдықса, жұқпалы ауруға душар болады.Зардапқа негізінен ауылшаруашылық жұмыстарымен айналысатын тұлғалар, көктем, жаз маусымы кезінде табиғатта, тоғай арасында, жаңа көктеген шөптер арасында жүріп демалатын адамдар шалдығады. Ауру бір адамнан екінші адамға жұғады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі