Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Сәуле шағынауданы 276 орамды аралап, инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын бақылады.
Қазір 276 орамда инженерлік жүйелермен қамту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Елді мекен ауыз сумен толық қамтылған. Сапалы электр жарығын жеткізу үшін құрылыс жұмысы 2021 жылы басталған болатын. Ұзындығы 76,2 шақырымдық ішкі орамдық желі тартылады. Бүгінде жұмыстың 95 пайызы орындалған. Шілде айында қолданысқа беріледі. Нәтижесінде, 1300-ден астам абоненттің мемлекеттік жарықты қолдануына мүмкіндік туады.
Ал табиғи газбен қамту үшін ішкі орамдық құбыр жүйесін тарту жұмысы осы жылдың шілде айында басталады. Газ жүйелерінің ұзындығы – 28 шақырым. Жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Сондай-ақ, қала әкімі М.Әйтенов Құрсайдың ауыз сумен қамту жұмыстарын тексерді. Шымкент қаласы Құрсай шағын ауданына инженерлік-инфрақұрылым тарту жұмыстары жүзеге асуда. 8 мыңға жуық тұрғыны бар шағын ауданды сапалы ауыз сумен қамту үшін құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталған. Жалпы ұзындығы 336,5 шақырымды құрайтын су жүйесін тарту жұмысы 2 кезең бойынша жүзеге асырылып жатыр. Қала әкімі аумақта атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысты.
Бірінші нысандағы 185,5 шақырымды құрайтын ішкі орамдық жүйенің 72 пайызы орындалған. Құрылысты аяқтау мерзімі осы жылдың қараша айына жоспарланған. Нысан пайдалануға берілгенде 17 мыңнан астам адам сапалы ауыз суға қол жеткізеді.
Екінші кезеңдегі су жүйелерінің ұзындығы 151 шақырым. 2021 жылы басталған құрылыс, биылғы жылдың соңына дейін қолданысқа беріледі. Қазір бұл нысанда жұмыстың 74 пайызы аяқталған.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі