Бүгін Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Әсия Құралқызының орнына «Инклюзивті сарапшылар қауымдастығы-Қалаға құқық» Республикалық мүгедектер бірлестігінің төрағасы Ерлан Әбдиев басқарма басшысының міндетін уақытша атқарды. Бұл ерекше жоба 23-маусым — Мемлекеттік қызметкерлер күніне орай, «Өзін-өзі басқару» негізінде Түркістан облысының әкімдігінің мұрындық болуымен ұйымдастырған шара.
Ерлан Тұрсынбайұлы бүгінгі күннің таңғы сағат 09.00-нен бастап өз жұмысына кірісіп кетті. Бір күндік шенеунік жауапты басқармалардың бөлім басшыларымен өткізілетін жоспарлы аппарат жиналысына да қатысты. Онда «Жаңа жұмыс орындарының ашылуы» туралы, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасының» іске асырылуы, «Аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қолдау» туралы маңызды ақпараттар беріліп, атқарылатын жоспарлар пысықталды.
Жұмыс күнінің екінші бөлігінде облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Сонымен қатар басқармаға қарасты он сегіз жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар азаматтарға арналған «№1 Түркістан арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының» қызметі таныстырылды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі