Бүгін Конституциямызға енгiзiлетiн өзгерістер бойынша жалпыхалықтық референдум өтуде. Шымкентте 311 сайлау учаскесі таңғы сағат 7-ден бастап жұмысын бастады. Қала әкімі Мұрат Әйтенов жалпыхалықтық референдумға қатысып, өз таңдауын жасады.
— Бүгін Қазақстан халқы үшін аса маңызды күн. Конституцияны өзгерту жөніндегі референдум арқылы еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басқалы отыр. Жергіліктi биліктің міндеті — референдум учаскелерін қалыптастырып, олардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау. Қала әкімдігі тарапынан бұл міндет толығымен орындалды, —деді қала әкімі.
Қазiргi таңда қалада 631 133 сайлаушы тіркелген. Дауыс беруге құқылы азаматтар түрлі құралдар арқылы референдумға шақырылған. Ал, өздігінен келуге мүмкіндігі жоқ азаматтарға жылжымалы жәшіктер ұйымдастырылған. Сонымен бірге, инватаксилер мүгедектігі бар азаматтарды тасымалдау қызметін атқарып жатыр.
Шаһарда референдум барысын бақылау үшін қоғамдық ұйымдардың өкілдеріне жағдай жасалған. Байқаушылар кез келген учаскеге тіркеліп, референдум барысын бақылауда. Бұл бағытта халықаралық байқаушылар да жұмыс істеуде.
Мемлекет басшысының референдум өткізу туралы бастамасына қолдау бiлдiрген жеке транспорт компаниялары қала тұрғындарын қоғамдық көлікпен тегін тасымалдауда.
Айта кетейiк, бүгін халық дауыс беру арқылы еліміздің басты құжаты Конституцияның 33 бабына 56 өзгеріс енгізу туралы дауыс беруде. Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов отбасымен №154 дауыс беру учаскесіне келді. Халық қалаулысы отбасымен келіп, дауыс берді. – Қазақстаннның болашағы үшін отбасымызбен дауыс беруге келдік. Отбасымызда бес адам дауыс беру құқығына ие. Осы орайда бүкіл отандастарымызды жаңа Конституция үшін, жаңа Ата заңмен Жаңа Қазақстанға аяқ басу үшін референдумда дауыс беруге шақырады. Менің ойымша, қазіргі таңда еліміз жаңа даму үрдісіне аяқ басты, – деді Бахадыр Нарымбетов.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі