Шымкенттік Ерлан Ескермес Еуразия ұлттық университетінің түлегі. Аталған оқу орнында “Механика-математика” мамандығы бойынша білім алған. Ағымдағы жылдың ақпан айында қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз жас ретінде тіркеліп оған “Жастар практикасы” бағдарламасымен қаладағы Әл-Фараби атындағы академиялық мектепке жұмысқа жолдама берілген. Жас маманға аталған білім ошағында тәлімгер бекітіліп, ол бүгінде жоғары сынып оқушыларына математикадан дәріс беру, оқушыны ҰБТ-ға дайындау процестерін үйреніп, тәжірибе жинақтау үстінде.
— “Жастар практикасы” оқуын бітірген жас маманға тәжірибе жинақтауға зор мүмкіндік. Сондай мүмкіндікті қалт жіберіп алғым келмеді. Қазір мектепте жұмыс істеп жатырмын. Өзімді жақсы қырымнан көрсетіп, жұмысымды тиянақты атқарсам, мүмкін осында тұрақты жұмысқа да қабылдап алып қалулары мүмкін, — дейді Ерлан Ескермес.
Айта кету керек, “Жастар практикасы” бағдарламасының мерзімі 12 айға ұзартылған (бұрын 6 ай болатын). Айлық жалақысы да біршама артып 91 899 теңгені құрап отыр. 2022 жылы “Жастар практикасы” бағдарламасына 2098 жасты қамту жоспарлсанса, жыл басынан 919 жас жолдама алып, олар барған жерлерінде еңбек етуде.
Жалпы жастар практикасының мақсаты – университет пен колледж бітірген жастарды мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға көмектесу, жұмыс істеуге бейімдеу. Бастапқы жұмыс тәжірибесін жинауға мүмкіндік беру. Бірақ жұмысы ауыр кәсіпорындар мен зиянды, қауіпті жұмыстарға жіберілмейді.
Ал жастарға кеңес мынау. Практикаға қабылданып, жұмыс берушіге жолдама алған жас түлек өзін жақсы жағынан көрсете алуы тиіс. Жұмыс берушіге жауапкершілігі мен ынтасын, талабын таныта алса, жаңа қызметке ие болмақ. Жастар практикасына қабылданған жас 6 ай бойы практикада болады. Одан аз да, кем де емес. Осы уақыт арасында нәтиже шығарғаны жөн. Жұмысқа келген жасты арнайы тәлімгер үйретіп, жөн сілтейді.