Автомобиль жолдары комитеті онлайн отырыс өткізіп, оның барысында әкімдердің рейтингі жасалатын жолдардың сапасын бағалау жүйесі таныстырылды. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ресми сайтында хабарлады.
Айта кетсек, бұған дейін ИИДМ басшысы Қайырбек Өскенбаев үкімет отырысында жуырда жолдардың сапасы әкімдердің қызметін бағалау критерийлерінің біріне айналатынын мәлімдеген болатын. Ал кеше, 18 мамырда осы мәселе бойынша талқылау өткен. Оған жол активтерінің ұлттық сапа орталығы, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалар мен облыс әкімдіктерінің өкілдері қатысқан. Ведомствоның мәліметінше, бұл әдістеме елорданың, республикалық маңызы бар қалалардың, облыстардың, аудандардың әкімдіктерімен жергілікті жолдардың сапасын жақсарту бойынша қабылданатын шаралардың тиімділігін айқындауға арналған. Сонымен бірге министрлік ең алдымен рейтингті қалыптастыру автожол пайдаланушыларына жүргізілген сауалнама нәтижесіне негізделетінін мәлімдеді. «Ел тұрғындарының жол сапасына және жергілікті атқарушы органдардың кемшіліктерді жою шараларына қанағаттануын әлеуметтік желілер арқылы анықтау көзделген. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған сыни материалдар ескерілетін болады. Бұдан бөлек, бағалау — автомобиль жолдары мен елдімекендердің көшелерінде жүргізілетін жұмыстар мен олардың барысында қолданылатын материалдардың сапасын сараптау нәтижелері бойынша да іске аспақ. Мұнда құрылыстың жаңа технологиялары мен заманауи жол-құрылыс материалдарын қолдану ескеріледі», — делінген хабарламада. Осы ретте, ведомство әдістеме бойынша рейтинг жылына екі мәрте, яғни бірінші және екінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша қалыптастырылатынын атап өтті. Оның нәтижелері бойынша үздік және ең нашар көрсеткіш көрсеткен өңірлер анықталмақ.