Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.
Қазақстан Республикасының азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы. Бұл құқықты пайдалану мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделері үшін заңмен шектелуі мүмкін(Қазақстан Республикасы Конституциясының 32-бабы).
Митингтерді ұйымдастыру және оларды жүргізу тәртібі 2020 жылдың 25 мамырында қабылданған «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу туралы» жаңа Заңмен реттеледі (әрі-қарай — Заң).
Конституциялық нормаларға сүйене отырып, қолданыстағы Заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Атап айтқанда, «бейбіт жиналыс», «бейбіт жиналысқа қатысушы», «бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізуге арналған мамандандырылған орын», «бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы», «демонстрация», «жиналыс», «митинг», «өтінішті келісу», «пикет өткізу», «хабарлама», «шеру» ұғымдарына нақты анықтамалар берілді, сондай-ақ бейбіт жиындардың әрбір нысанының ерекшеліктері егжей-тегжейлі сипатталған.
Заңда қатысушыларды ұйымдастырушының құқықтары мен міндеттері реттелген, бейбіт жиналыстарға қатысушылардың құқықтары мен міндеттерінің тізбесі белгіленген. Еліміздің аймақтарында бейбіт жиындарды өткізуге бірыңғай талаптар енгізілді (Заңның бұрынғы редакциясында мұндай нормалар болмаған).
Бұл жаңа талаптар жергілікті атқарушы органдардың тарапынан қосымша реттеу мүмкіндігінсіз заңнаманы жергілікті орындарда біркелкі қолдануға ықпал етеді.
Заңға бейбіт жиналыстардың негізгі қағидаттары енгізілді, олардың ішінде:
- зорлық-зомбылықтың болмауы сипаты;
- заңдылық;
3.мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, денсаулықты қорғауды, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету;
- қатысу еріктілігі.
Заңда бейбіт жиналыстарды өткізу үшін мамандандырылған орындарға арналған талаптар белгіленген. Мамандандырылған орындарды айқындау және оларды пайдалану тәртібін белгілеу кезінде бейбіт жиналыстардың мақсатына, ұйымдастырудың ыңғайлылығына, орындардың көліктік қолжетімділігіне, ұйымдастырушылар мен қатысушылардың инфрақұрылым объектілерін пайдалану мүмкіндігіне, санитарлық нормалар мен қағидаларды сақтауына, бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылар мен қатысушылардың, басқа да тұлғалардың қауіпсіздігіне қол жеткізу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Оған қоса, Заңда елді-мекендердің орталығында орналасқан орындардың саны (митингке арналған алаң) – кемінде үш орын анықталған.
Сондай-ақ бейбіт жиналыстарды өткізудің хабардар ету және регламенттеу түріндегі аралас тәртібі енгізілді.
- Бейбіт жиналыстарды өткізудің хабарламалық тәртібінде пикеттер, митингілер, жиналыстар қарастырылған. Бұл ретте, жергілікті атқарушы органның жауабы болмаған жағдайда, 3 жұмыс күні ішінде бейбіт жиналыс өткізу әдепкі бойынша келісілген болып есептеледі.
- Бейбіт жиналыстың регламенттелген тәртібі (өтініш беру жолымен) демонстрация, шеру нысанында өткізіледі.
Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, мемлекеттік қауіпсіздікті, сондай-ақ көліктің, инфрақұрылым объектілерінің үздіксіз жұмыс істеуін, жасыл желектер мен шағын сәулет нысандарының және өзге де мүліктің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында, бейбіт жиналыстарды өткізу үшін баламалы мамандандырылған орнын ұсынуға құқылы.
Сондай-ақ, бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылардың бейбіт жиналыстарды өткізу мақсатында қатысушылардың жүру уақыты, орны (орындары), бағыты туралы ақпаратты және оларды ұйымдастыру мен өткізуге байланысты өзге де ақпаратты хабарлай отырып, үгіт-насихат жүргізуге, ұйымдардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тыйым салынбаған символикасын, иллюстрациялық материалдарын пайдалануға, сонымен бірге осы іс-шараға қатысуға үгіттеуге құқығы бар екенін атап өткен жөн.
Заңда ұзақ жылдар бойы бейбіт жиындардың субъектілерімен мемлекеттік органдар арасындағы қарым-қатынастарда жинақталған мәселелердің үлкен тобын реттеуге мүмкіндік берілген.
Заңның ерекшелігі ретінде, бейбіт жиналыстарды өткізуден бас тарту үшін негіздердің белгіленген ерекше тізбесін санауға болады.
Нақты айтқанда, егер оларды өткізудің мақсаты нәсілдік, ұлттық, әлеуметтік, діни төзбеушілікті қоздыру, конституциялық құрылысты күштеп құлату болып табылса немесе оларды өткізу қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндірсе; егер бейбіт жиналыс өткізілетін жерде әскери немесе төтенше жағдай, сондай-ақ Заңда көзделген өзге де негіздер енгізілсе.
Бұдан басқа, Заңда бейбіт жиналыстарды өткізудің материалдық-техникалық қамтамасыз ету рәсімі сипатталған, оны ұйымдастырушы мен қатысушылар өз қаражаты есебінен, сондай-ақ осы бейбіт жиналыстарды өткізу үшін жиналған және (немесе) берілген қаражат пен мүлік есебінен жүзеге асырады.
Оған қоса, қаржыландыру көздері бөлігінде белгілі бір шектеулер бар. Мәселен, терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалар тізбесіне енгізілген жеке тұлғалардың және (немесе) заңды тұлғалардың бейбіт жиналыстарды өткізуін қаржыландыруға, сондай-ақ заңда көзделген өзге де негіздерге тыйым салынады.
Заңды (3-бабы 3-тармағын) бұза отырып, өткізілетін бейбіт жиналыстарды ұйымдастырғаны және оларға қатысқаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 488-бабындағы жауапкершілік қарастырылған және 25 тәулікке дейінгі мерзімде әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
Азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірген жағдайда, Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылады. Осы баптың санкциясында айыппұл немесе 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде түзеу жұмыстары не 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту не 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жаза көзделген.
Заңда қабылданған нормалар азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға ықпал етеді және елдегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Б.Телеу
Шымкент гарнизонының
әскери прокуроры
әділет полковнигі