Жамбыл облысының орталығында аутизм спектрі бұзылған (АСБ) балаларды қолдау мақсатында жаңа «Асыл Мирас» аутизм орталығы ашылды. Оған аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев, Болат Өтемұратов Қорының директоры Марат Айтмағамбетов қатысты.
Тараз қаласы аталған қордың аутизм орталықтар желісі жұмыс істейтін Қазақстандағы оныншы қала болып отыр.
Облыс әкімдігімен бірлесе отырып ашылған орталық жылына 300 балаға дейін қабылдай алады. Қазіргі таңда мұнда 18 жасқа дейінгі 52 бала ем алуда. Олардың саны алдағы уақытта арта түспек.
— Таразда мұндай арнайы орталықтың ашылуы олардың әлеуметтік интеграциясын жақсартуға ықпал етеді. Біздің мұғалімдерді осындай ерекше балаларды қолдау мен өмір сүру сапасын жақсартатын аутизмді түзетудің озық әдістеріне үйретіп жатқаны үшін Болат Өтемұратов Қорына алғысымды білдіремін, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Айта кетейік, Болат Өтемұратов Қорының «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бірегей бағдарламасының арқасында АСБ бар 11 мыңнан астам балаға және олардың отбасыларына жоғары білікті көмек көрсетілген. Орталықтардың мамандары аутизммі бар балаларға көмек көрсетудің ең тиімді әлемдік тәжірибесін Қазақстанда үздіксіз зерттеп, енгізумен айналысады.
«Асыл Мирас» орталықтары АСБ анықтауға және әлеуметтік, сөйлеу және тұрмыстық дағдылардағы кемшіліктерді жоюға бағытталған алты бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Сабақтар Калифорния университеті мен АҚШ-тың Атланта қаласындағы Marcus Autism Center халықаралық сарапшылары әзірлеген технологияларды пайдалана отырып жүргізіледі. Әр бала жеке таңдалған бағдарлама бойынша үш айлық оқу циклінен өтеді. Орталыққа психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның (ПМПК) қорытындысы негізінде 0 жастан 18 жасқа дейінгі балалар жазыла алады. Сабақтар тегін өткізіледі.
— Жеті жыл ішінде «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдеді. Курсты бітіргеннен кейін балалардың дағдылары орта есеппен 2 есе жақсарады. Біз әр ашылған орталықты мақтан тұтамыз, өйткені әрбір жаңа орталықтың артында балалары толымды және дербес өмір сүруге мүмкіндік алған мыңдаған қазақстандық отбасылардың шынайы тарихы жатыр, — деді Болат Өтемұратов Қорының директоры Марат Айтмағамбетов.
«Асыл Мирас» орталығы – толық жабдықталған және АСБ бар балалардың білім алу қажеттіліктеріне бейімделген заманауи кеңістік. Барлық сабақтар ата-аналардың қатысуымен өтеді, осылайша оқыту тек балаларға ғана емес, сонымен қатар жақындарына да бағытталған.
— Біз «Асыл Мирас» бағдарламасының тиімділігі туралы бұрыннан естіп келеміз және енді балаларымыз туған жерінде тегін көмек ала алатынына қуаныштымыз. Мұғалімдермен кездесіп үлгердік, енді сабақтың басталуын асыға күтудеміз, — деп бөлісті АСБ бар баланың анасы Гүлмира Абжан.