Бүгін, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент мәжілісінің отырысында еліміздегі саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы өзекті мәселелерді шешу бойынша ауқымды баяндама жасады.
Отырыста Мемлекет Басшысы Ұлттық Қауіпсіздік туралы Шарт Ұйымына қатысушы мемлекеттер бітімгерлік күштерінің 2 күннен кейін елімізден кезең-кезеңімен шығарылатындығын мәлімдеді.
Сонымен қатар, қақтығыстар кезінде қайтыс болған әскери қызметшілердің, полиция қызметкерлерінің және бейбіт тұрғындардың отбасыларына тұрғын үй, оқу, әлеуметтік көмек көрсетілетіндігін атап өтті.
Қысқа мерзім ішінде еліміз қалыпты өмірге қайта келетіндігін және қаржы жүйесі мен көлік саласының, азық-түлік жеткізу ісінің еш кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша нақты жұмыстар атқарылып жатқандығын атап өтті.
Президент өз баяндамасында елімізде орын алған қақтығыс салдарынан туындаған қиындықтарды еңсеру жолдары мен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелері мен оларды шешудің бағыт-бағдарын айқындады.
Осы мақсатта, жаңадан тағайындалған Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Асханұлы Смайыловқа нақты тапсырмалар жүктеді.
Еліміздегі құқық қорғау органдары жүйесіне түбегейлі реформа жасап, олардың жауынгерлік дағдылары мен дайындығын күшейту, материалдық-техникалық базасын жақсарту, жастарды Отан алдындағы борышын өтеуге ынталандыру мәселелерін іске асыруды міндеттеді.
Білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту сынды барлық әлеуметтік салаларға күрделі өзгерістер енгізіп, «Әлеуметтік кодекс» қабылдауды тапсырды.
Әсіресе, білім саласын дамытуды, оның ішінде техникалық мамандандырылған шетелдік беделді, ірі оқу ордаларының филиалдарын ашуды және халық көп шоғырланған өңірлерде мемлекеттік грант санын көбейтуді тапсырды.
Бұл өз кезегінде еліміздегі білім саласының дамуына және оқуға ынталы бірақ, қаржылық мүмкіндігі шектеулі жастардың білім алуына айтарлықтай көмек болады деп ойлаймын.
Сонымен қатар, Президент «Қазақстан халқына» деп аталатын жаңа қоғамдық әлеуметтік қор құрылатынын ерекше атап өтті. Бұл қордың қаражаты халықаралық өлшемдер бойынша өте бай саналатын адамдар мен табысы жоғары компаниялардың және шетелдік қорлардың бөлетін жыл сайынғы жарнасы есебінен қалыптыстырылады.
Аталған қор сирек кездесетін аурулары бар балаларға, әлеуметтік жағдайы ауыр отбасыларға көмек көрсететін болады.
Сондай-ақ, Мемлекет Басшысы халықтың табысын арттыру туралы бағдарлама әзірлеуді ұсынды.
Мемлекет Басшысы өз баяндамасында халықтың көптеп тұтынушылық несие алып, қарызға батып жатқандығын, соның салдарынан олардың әлеуметтік жағдайы нашарлап, мұның соңы қоғамдық күйзеліске әкеліп жатқандығын үлкен өкінішпен айтты.
Сондықтан, қаржы жүйесінің жұмысына да баса назар аудару – маңызды мәселенің бірі болып отыр. Мемлекет Басшысы осы орайда, Үкіметке «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» Заң жобасын әзірлеуді тапсырғандығын жеткізді.
Одан бөлек, Қазақстандағы жыл сайынғы инфляция 2025 жылға қарай 4 пайыздан аспауы керектігіне баса назар аудара отырып, оны бақылау бойынша Үкімет пен Ұлттық банкке жедел шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды.
Сондай-ақ, алдағы уақытта елімізде утилизациялық алым тоқтатылып, оның құны қайта есептеледі. Мемлекет басшысы үкіметке осыны реттеуді тапсырды. Енді бұған дейін бұл шаруамен айналысып келген бірыңғай оператордың жұмысы тоқтатылып, утилизациялық алымды жинау шет елдердегі сынды мемлекет қарауына өтетіндігін, сондай-ақ отандық машина жасаушыларға қолдау тоқтамайтындығын ерекше атап өтті. Керісінше жүйе қайта жасалып, утилизациялық алымнан түскен қаржы есебінен Қазақстанда жасалған көлік сатып алғандарға ваучер беріледі. Бұған қоса, жиналған қаржыны қоғамға тиімді жаратудың тың жолдары да қарастырылатындығын жеткізді.
Барлығымыз білетіндей, соңғы жылдары қуаңшылық салдарынан ауыл шаруашылығы саласы үлкен шығынға ұшырады. Бұл жөнінде Президентіміз қуаңшылықтың салдарынан жиналған астық көлемі 4 млн. тоннаға кемігендігін, аталған мәселе шикізат және жемшөппен қамту ісіне кері әсер ететіндігін айтты.
Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ерекше назар аудару керектігін жеткізді. Ол биыл да ахуал күрделі болуы мүмкін дей келе, Үкіметке тұқыммен, жем-шөппен, тыңайтқышпен қамту ісін және егін егу науқанын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Осы орайда, субсидия мәселесіне жеке тоқталды. «Субсиядияның қолжетімдігі мен оны алудағы процедураның ашықтығын қамтамасыз ету керекпіз» — деді, Президент.
Ол мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен оның саяси тұрақтылығын қамтамасыз етуде мемлекеттік органдарға жүктелген міндеттердің жедел әрі сапалы орындалуын тапсырды.
Осы жұмыстарды атқаруға ең бірінші елімізге тыныштық керек. Оны соңғы күндері болған қайғылы оқиғалардан соң барлығымыз жете түсініп, аңғардық.
Мемлекет Басшысы өз баяндамасының соңында: «Қиын күндер артта қалды. Осы сәтте ел тағдыры үшін ұйыса білген бүкіл халқыма шынайы ризашылығымды білдіремін! Бәріміз бұл оқиғадан сабақ алуымыз керек. Ең бастысы, береке-бірлікті, тыныштық пен тұрақтылықты сақтауымыз қажет. Енді, Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады. Бұл шынайы жаңару кезеңі болады. Егемен елімізді бірге өркендетейік! Халқымыз үшін Тәуелсіздік бәрінен қымбат. Жаңа Қазақстанды Бірге құрайық!»- деп, айтып өтті.
Мемлекет Басшысы атап өткендей, Қазақстанның шынайы жаңару кезеңіне сәтті қадам басуы жолында алдымызға қойылып отырған тапсырмалар мен міндеттерді бүкіл қоғам болып жұмыла атқаруымыз маңызды.
Баршамызға аян қай бір қоғам, қай бір мемлекет болмасын дамудың жоғары сатысына тек ынтымағы ырысты, бірлігі бекем болған жағдайда ғана жете білген.
Ендеше, «Бірлік жоқ болса, ұйым жоқ, ұйым жоқ болса, күйің жоқ» — деп, дана бабаларымыз айтқандай, бірлігімізді бір арнаға жұмылдырып, жаңарған Қазақстанды құруда бар күш-жігерімізді салайық, ардақты әлеумет.
Біздің күшіміз – бірлікте, қуатымыз – ынтымақта.
Қайрат Балабиев
Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы