Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай облыстың және еліміздің дамуына үлес қосып, еңбегімен дараланған бір топ азаматқа мемлекеттік марапаттарды тапсырды. Салтанатты рәсімге қатысушыларды еліміздің басты мерекесімен құттықтаған А.Жетпісбай қоғамның сан саласында жетістікке жете білген марапат иелерінің еңбегі зор екенін жеткізді.
Бұл күні жиырмаға жуық адам марапатталды. Олардың арасында өнер, журналистика, мемлекеттік қызмет және өзге де сала өкілдеріне құрмет көрсетілді. Олардың бірқатарына тоқталсақ, ҚР Президентінің «Ерен еңбегі үшін» медаліне «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі Ғалымжан Елшібай мен Түркістан музыкалық-драма театрының бас балетмейстері Дәулет Мұратпеков және «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен «Қазгидромет» РМК Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Жазықбаев Маханбет Палыбекұлы наградталды.
«Шапағат» медалімен Түркістан қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнара Әбішева ие болса, Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Айтмахаметәлі Бердашев Құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен бірге жиында ҚР Президентінің алғыс хаты, ҚР Премьер-министрі орынбасарының алғыс хаты және «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі тапсырылды. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мерекелік медальдар да лайықты азаматтарға берілді.