Бұған дейін біз «Nur Otan» партиясының праймеризіне Солтүстік Қазақстан облысынан үміткер болып тіркелген қатысушы ретінде Петропавл қаласын заманауи ғылыми-білім беру орталығына айналдыру мақсатында Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті қатардағы өңірлік университеттердің бірі болмауы керек деген ізгі тілекпен жоғары оқу орнымыздың негізінде тарихи Қызылжар өңірінде халықаралық мәртебедегі жаңа университет ашуды ұсынған едік.
Біздің бұл ұсынысымыз бен үніміз Үкіметке жеткен секілді.
Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті – Қазақстан Республикасының 83 жылдық тарихы бар алғашқы жоғары оқу орындарының бірі.
Жоғары бiлiм берудi одан әрi жетiлдiру, мамандар мен ғылыми-педагог кадрлар даярлаудың аймақтық университет жүйесiн дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiнің 1994 жылғы 2 маусымдағы № 584 қаулысы жарық көрді.
Үкіметіміздің осы қаулысымен тарихы 1937 жылдан басталатын К. Ушинский атындағы Петропавл педагогика институты Солтүстiк Қазақстан университетi болып қайта құрылды.
Университет құрамына Солтүстiк Қазақстан университетiнiң бөлiмшесi деп аталып Қарағанды политехника институтының Петропавл филиалы, Петропавл педагогика колледжi, Петропавл индустриалды-педагогика техникумы, Солтүстiк Қазақстан механика техникумы, облыстық мұғалiмдер бiлiмiн жетiлдiру институты енгiзiлді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 31 қаңтардағы № 163 қаулысымен Солтүстік Қазақстан университеті «Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып қайта аталды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 30 мамырдағы № 497 қаулысымен Солтүстiк Қазақстан мемлекеттік университетiне академик Манаш Қозыбаевтың есiмi берілді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 11 қазандағы № 752 қаулысымен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қайта құру жолымен жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын «Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып қайта ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Төрағасының 2020 жылғы 25 мамырдағы № 315 бұйрығымен «Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жарғысы бекітілді.
«Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамына Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті білім беру қызметімен айналысу үшін 2020 жылғы 22 шілдедегі №KZ47LAA00018464 лицензия берілген.
«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы айқындағы еліміздегі жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларының рейтингі бойынша «Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы үздік 10 университеттің құрамына кіреді.
2020 жылғы талапкерлер қабылдау науқанының қорытындысы бойынша Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне:
— 2105 студент оқуға түсті. Олардың 919-ы білім гранты иегері, 35-і «Алтын белгі» төсбелгісінің және үздік аттестат иегерлері;
— «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» білім беру саласына 86 грант иегері оқуға түсті;
— «Ауыл шаруашылығы және биологиялық ресурстар» білім беру саласына 157 грант иегері оқуға түсті;
— педагогикалық ғылымдар білім беру саласына 341 грант иегері оқуға түсті.
Қазіргі кезде Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде оқитын студенттердің саны 7300-ден асады, олардың арасында Қытай, Моңғолия, Ресей және Өзбекстаннан келген шетелдік жастар да бар
Биыл «Мәңгілік ел жастары – индустрияға! («Серпін»)» жобасымен Петропавлдағы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне Оңтүстік өңірлердің 90 түлегі білім грантымен оқуға түсті.
Петропавл қаласындағы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде Ақмола облысы әкімдігі бөлген білім беру грантының есебінен 25 студент тегін білім алады.
Бүгін, 2020 жылғы 14 қыркүйекте «Электрондық үкімет» веб-порталында «Солтүстік Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2018-2021 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 12 қыркүйектегі № 562 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасы жарық көрді.
Бұл қаулыда кейбір жобаларды іске асыру кезеңі олардың ауқымдылығы мен капитал сыйымдылығына байланысты Кешенді жоспарды іске асырудың бұрын бекітілген мерзімдерінің шеңберінен асып кететіндіктен, бұған дейін белгіленген 2021 жылдан 2024 жылға дейін ұзарту көзделген.
Бұған дейін М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті үшін 1000 орындық студенттер жатақханасын салу жоспарланған болса, енді студенттер жатақханасындағы орын санын 1 200 орынға жеткізу мақсат етіліп отыр.
Тиісінше, әзірленген жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес 1200 орындық жатақхана құрылысының құны 4 млрд. 341 млн. теңгені құрайды.
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің «Kozybayev University Teaching and research center» оқу-зертханалық корпусын салу мақсатында жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес құрылыстың жалпы құны 8 млрд. 288,6 млн. теңгені құрайды.
2020 жылы бұл нысанның құрылысы, техникалық және авторлық қадағалау бойынша жұмыстарды мемлекеттік сатып алу жүргізілді және 8 млрд. 071,0 млн. теңге сомасына шарттар жасалды.
2020 жылы жергілікті бюджеттен 1 млрд. 500 млн. теңге бөлінді.
Құрылысты аяқтау үшін республикалық бюджеттен 6 млрд. 600 млн. теңге бөлу жоспарланып отыр.
Үкімет қаулысының жобасында М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін жаңғыртуға ерекше назар аударылған.
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттік жатақханаларына күрделі жөндеу жүргізу мақсатында жасалған жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес 2021 жылы республикалық бюджеттен 1 млрд. 236 млн. теңге қаржы бөлу қарастырылған.
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің оқу корпустарына күрделі жөндеу жүргізу мақсатында жасалған жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес № 6 оқу корпусын күрделі жөндеу бойынша жұмыстардың құны 671 млн. теңгені құрайды.
2019 жылы әзірленген жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес № 7 оқу корпусын күрделі жөндеуге 432,7 млн. теңге қажет.
2018 жылы әзірленген жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес № 3 оқу корпусын күрделі жөндеуге 291,4 млн. теңге қажет.
Ал 2021 жылға республикалық бюджеттен 1 млрд. 395 млн. қаржы бөлу қарастырылып отыр.
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің жаратылыстану-ғылыми, техникалық, гуманитарлық, ауыл шаруашылығы, медициналық бағыттағы жұмыс істеп тұрған зертханаларының материалдық-техникалық базасын жаңғырту үшін республикалық бюджеттен:
— 2021 жылы 100 млн. теңге;
— 2022 жылы 100 млн. теңге;
— 2023 жылы 200 млн. теңге;
— 2024 жылы 350 млн. теңге бөлу қарастырылған.
Атап айтсақ, университеттің Оқу зертханалары мен компьютерлік сыныптардың материалдық-техникалық базасын жаңғырту шеңберінде білім алушылардың кәсіптік даярлығын жетілдіру үшін мынадай зертханалар мен жабдықтар сатып алу жоспарланып отыр:
- «Мультимедиялық электронды оқулық студиясы» – 42 000 000 теңге;
- Lenovo V530 – 24 300 моноблогы 10uw00d9 – 150 000 000 теңге;
- «Археология, антропология және этнология» зертханасы – 10 000 000 теңге;
- Криминалистикалық зертхана – 20 000 000 теңге;
- «Оқу телевизиялық студиясы» зертханасы – 20 000 000 теңге;
- Зертхана «complex geometry manufacturing details Innovative methods. – Күрделі конфигурациялы бөлшектерді алудың инновациялық әдістері орталығы» – 1 00 700 000 теңге;
- «Физикалық және коллоидтық химия» зертханасы – 253 900 000 теңге;
- «Нан-тоқаш және кондитерлік өнімдердің оқу-тәжірибе цехы» зертханасы – 13 893 850 теңге;
- «Ветеринария негіздері» зертханасы – 5 853 600 теңге;
- «Өсімдік және жем өнімдерінің сапасын бағалау» зертханасы – 85 212 580 теңге;
- «Лингвистика және мәдениетаралық коммуникация» зертханасы – 7 200 000 теңге;
- Электрондық-кітапхана жүйесі (ЭБС) (үш тілдегі оқулықтар мен оқу құралдарының 1000 атауы: қазақ, орыс және ағылшын) – 25 200 000 теңге;
- «Intellectual electronics» зертханасы – 17 000 000 теңге.
Қазіргі қолданыстағы «Солтүстік Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2018-2021 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 12 қыркүйектегі № 562 қаулысына сәйкес М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті үшін жыл сайын 800 грант бөлу, оның ішінде: «Мәңгілік ел жастары – индустрияға! («Серпін»)» жобасы бойынша 500 грант, сондай-ақ мамандықтар бөлінісінде жоғары білімі бар педагогика кадрларын даярлауға 300 грант бөлу көзделген.
Сонымен бірге 2022-2024 жылдарға да М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті үшін жыл сайын 800 грант бөлу үшін тиісінше қаражат жоспарланып отыр.
2024 жылдың соңына дейін «Мәңгілік ел жастары – индустрияға! («Серпін»)» жобасы бойынша педагогикалық білім бағдарламалары бойынша оқитын және жатақханамен қамтамасыз етілмеген әрбір студентке жалдамалы тұрғын үйге ақы төлеуге әлеуметтік көмек көрсету үшін ай сайын 15 мың теңгеден төлеп тұру үшін қаржы қарастырылған:
— 2020 жылдың соңына дейін – 123,4 млн. теңге;
— 2021 жылы – 340,6 млн. теңге;
— 2022 жылы – 89,8 млн. теңге;
— 2023 жылы – 401,3 млн. теңге;
— 2024 жылы – 401,3 млн. теңге.
Жобада қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысында агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жоғары білімі бар кадрларға деген қажеттілік өткір болып отырғаны атап көрсетілген.
Аграрлық саладағы мамандар тапшылығы 2021 жылы – 224, 2022 жылы – 220, 2023 жылы – 236 адамды құрайды.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы сұранысқа ие мамандар: агрономдар, ауыл шаруашылығы экологтары, ветеринарлар, генетиктер, мал өсірушілер, зоотехниктер, зооинженерлер, инженер-механиктер, инженер-электриктер, ет өңдеу саласының технологтары және басқалар.
Осындай қажеттіліктерді ескере отырып, Үкіметіміз Солтүстік Қазақстан облысында аграрлық бағыттағы жаңа жоғары оқу орнын ашу қажет деп санайды.
Мектеп түлектері біздің өңірдегі аграрлық бағыттағы жоғары оқу орнына түсуге мүдделі болуы үшін әлеуметтік қолдау шараларын арттыру қажет.
Жобада Үкіметтің қаулысымен кең ауқымды жаңа мамандықтармен қамтылған Назарбаев Университетінің солтүстік өңірдегі үлгісі іспетті жаңа заманауи аграрлық университет ашу жоспарланған.
Біз Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің негізінде біздің Үкіметімізге Ресей Федерациясының және Түрік Республикасының Үкіметтерімен үшжақты арнайы келісім жасай отырып, таяу уақытта Петропавл қаласында «QYZYLJAR» Халықаралық университетін құру ісін жедел түрде қолға алу қажет деген ұсыныс білдіріп отырмыз.
Жаңа тұрғын үй салу және сатып алу жолымен қоныс аударушы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше назар аударылған.
Үкіметіміз көші-қонның теріс сальдосын және халықтың табиғи кемуін толықтыру мақсатында азаматтарды елдің оңтүстік өңірлерінен көшіру жөніндегі іске асырылып жатқан бағдарламаларды жалғастыру қажет деп санайды.
Осыған байланысты, 2022-2024 жылдары (жыл сайын 1000 үйден) ауылдық жерлерге қоныс аударушылар үшін сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй құрылысын жалғастырып, қолданыстағы бағдарламаларға сәйкес республикалық бюджеттен қаражат бөлу ұсынылады.
Бұл қоныс аударушылардың санын жылына 4 мың адамға дейін жеткізуге мүмкіндік береді (қазір 2 мыңнан астам).
Қоныс аударушыларға үйлер салу республиканың жұмыс күші артық өңірлерінен 20 мыңнан астам адамды қабылдауға, еңбек нарығындағы жағдайды жақсартуға, ауылдағы білім беру мектептерінің желісін сақтауға мүмкіндік береді.
Петропавл қаласынан ұшатын әуе рейстерінің санын Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларына – аптасына 5 ретке, Ақтау және Семей қалаларына – 3 ретке дейін ұлғайту да көзделіп отыр.
Егер Үкіметтің осы жобасы жүзеге асырылатын болса, Қызылжар өңірі таяу уақытта өркендеп, дами түсетіні сөзсіз.
Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,
Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің Ғылым департаментіне қарасты Ғылыми-әдістемелік және патенттік-лицензиялық бөлімінің жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты (PhD), қауымдастырылған профессор (of Associate Professor).