Шымкент гарнизонының механикаландырылған бригадасында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 2021 жылға арналған дайындық жоспарына сәйкес дене шынықтыру дайындығын және спортты ұйымдастыру мамандарымен оқу-әдістемелік жиыны өтті.
Жиынның басты мақсаты дене даярлығының барлық нысандарын өткізуде және дене дайындығы мен спортты ұйымдастыру бойынша мамандармен бірыңғай әдістеме қалыптастыру, сондай-ақ мамандардың кәсіптік білімін, әдістемелік дағдыларын және дене шынықтыру дайындығы деңгейін арттыру болып табылады.
Жиынға Қарулы Күштердің әскер түрлерінен, өңірлік қолбасшылықтарынан, әскер тектерінен, әскери оқу орындары мен әскери бөлімдерінен барлығы 70-тен аса мамандар қатысты.
Жиын барысында дене шынықтыру даярлығы мен спортты ұйымдастыру, әскер тектері мен өңірлік қолбасшылықтар мамандарының, кафедра бастықтарының ағымдағы жылы орындалған іс-шаралар бойынша баяндамалары тыңдалып, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің дене шынықтыру дайындығы бойынша басшылық құжаттарға қатысты өзгерістер мен толықтырулары жеткізілді. Сондай-ақ, дене шынықтыру басқармасының 2021 жылғы жұмыс қорытындылары туралы баяндамасы мен 2022 жылға арналған тапсырмалары қойылды.
Төрт күнге жоспарланған жиында мамандармен дене шынықтырудың негізгі нысандары мен бөлімдері бойынша нұсқаулық-әдістемелік сабақтары жүргізіліп, теориялық және практикалық дене дайындығы деңгейін тексеру бойынша сынақтар қабылданды.
– Мамандар бұл жиын барысында пышақты, сүңгі пышақты және жаяу әскери кіші күрегін лақтыру, әскери қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін шыңдау, гимнастикалық және атлетикалық дайындығы бойынша оқу-жаттықтыру сабақтарын орындады. Сондай-ақ, мамандар бір-бірімен тәжірибе алмасып, өздерінің практикалық және теориялық дағдыларын арттырды, – дейді Бас штабы Жауынгерлік даярлық департаменті дене шынықтыру дайындығы басқармасының бағыт аға офицері майор Олжас Сердәлиев.
Шара соңында жиынның қорытындысы шығарылып, үздік деп танылған мамандар арнайы алғыс хаттармен марапатталса, ал барлық мамандарға сертификаттар табыс етілді.
Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі