Облыстың санитариялық-эпидемиологиялық қызмет саласы алғаш рет 1932 жылы облыстық денсаулық сақтау бөлімінің секторы ретінде құрылған. 1950 жылы халық депутаттарының Оңтүстік Қазақстан облыстық Кеңесі атқару комитетінің шешіміне сәйкес, құрамында 40 штаттық маманы бар дербес Оңтүстік Қазақстан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық стансасы құрылды. 1958 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен аудандардағы орталық ауруханалар жөнінде аудандық санитариялық- эпидемиологиялық бөлімдер ашылды. 90 жылға жуық тарихы бар Түркістан облысының санитариялық-эпидемиолгиялық бақылау департаменті мемлекеттік мекемесінің атауы мен құрылымдары әр түрлі болып өзгеріп келгенімен, мақсаты өзгеріссіз ол- қоғамдық денсаулықты сақтау, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласында еңбек ету болып табылады. Осы салада қызмет етіп, зейнеткерлік жасына жеткен ардагерлер жас мамандарға үнемі мекеменің бүгіні мен кешегісін салыстырып, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жағдайдың жақсарғандығын, жан-жақты дамығандығын әр кез айтып отырады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында денсаулық саласын одан әрі дамытуды, медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетуді атап өтті. Үкімет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаулардың арқасында ауыз толтырып айтарлық жетістіктеріміз мол.
Техникалық базаларымыз жаңарып, су жаңа қызметтік көліктермен толықтырылды. Көліктердің қажеттілігі ауру ошақтарына дер кезінде жетіп, эпидемияның одан әрі таралуына жол бермеуге жұмыс жасауда маңызды. Биылғы жылы облыс әкімдігінің қолдауымен қажетті техникалық жабдықтармен қамтылған жаңа ғимаратқа қол жеткіздік. Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен аудан, қалалардардағы басқарма мамандары пандемияның өршіген тұсында күндіз-түні халық денсаулығы үшін аянбай тер төкті. Әсіресе, Арыс қаласы мен Мақтаарал ауданында орын алған төтенше жағдай кезінде эпидемияның таралуының алдын-алу, науқастармен байланыста болған азаматтарды табу, мекен-жайлары бойынша анықтап, ауру ошақтарын дезинфекциялау сынды міндеттерді атқару оңайға соқпағаны анық. Коронавирус инфекциясының алдын-алу мақсатында пандемия басталғалы түрлі шектеу шаралары қабылданып, Түркістан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері тарапынан 66 Қаулы шығарылды. Қаулы талаптарының орындалуын бақылау, жергілікті билік өкілдерімен бірлесе атқарған жұмыстар нәтижесінде Түркістан облысы эпидемиологиялық бағалау матрицасы бойынша 15-ші тамыздан бері «жасыл» аймақтар тізімінде. 2021 жылы жаңадан құрылған «Сауран» ауданында біздің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мекемесі ашылып, оған білікті де тәжірибелі қызметкерлер жұмысқа қабылданды. Түркістан өңірінің дамуы және көз алдымызда күн санап көркеюі тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткізген жетістіктің бірі болып саналады. Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде білімді жастардың саны басым. Тәуелсіздік алған жылдары өмірге келген балалар қазіргі таңда 30 жастағы ел азаматтары. Олар қазіргі таңда мемлекеттің дамуы үшін әр түрлі салада қызмет етіп келеді. Аға буын өкілдері мен тәуелсіз елдің еркін ойлы жастары жұдырықтай жұмылып жұмыс жасаса қазақ елінің талай биіктерден көрінері анық.