Бүгін Ақпараттық-коммунициялық орталығында «Shymkent» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы Б.Канкин мен «Shymkent» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Е.Қаттабековтің қатысуымен брифинг өтті.
Баспасөз мәслихатында Б.Канкин Шымкент қаласына тартылған инвестиция туралы баяндады.
– Биыл «Shymkent» ӘКК» АҚ 45 инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін келісім-шарт жасасты. Жалпы сомасы — 527,5 млрд. теңге. Жобаны іске асыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның 22 жобасы бойынша жер учаскелеріне құқық берілді. Құқық беру сатысында 23 жоба бар. Бүгінгі таңда жер учаскелеріне берілген құқықтардан ӘКК-нің жоспарлы табысы 5,2 млрд.теңгені құрайды. Инвестиция сомасы 495 млрд. теңге және жалпы қуаты 1 769 589 шаршы метр болатын көп қабатты тұрғын үй құрылысының 25 объектісін салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді Бауыржан Тоқболатұлы.
Спикердің сөзінше, көпқабатты тұрғын үй құрылысы саласындағы инвесторлар қатарында «BI GROUP», «ORDA INVEST», “Bazis-A”, SDN Construction, «Отау Строй», «Оңтүстік Құрылыс Сервис» және т. б. республикалық, өңірлік құрылыс нарығының ірі компаниялары бар.
Брифинг барысында Е.Қаттабеков мектептер мен денсаулық сақтау саласындағы инвестицияларға тоқталды.
– Білім беретін мектептердің құрылысы бойынша жобалар қатары 13 инвестициялық жобаны құрайды. Жалпы сомасы — 25,9 млрд.теңге. Ал денсаулық сақтау саласында инвестиция жалпы сомасы — 9,5 млрд теңге. Жалпы қуаты күніне 3500 адам қабылдайтын 8 Денсаулық сақтау нысанының құрылысы бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізуде, – деді Ерлан Нұрланұлы.
Айта кетейік, ағымдағы жыл мен өткен жылдағы іске асырылып жатқан жобалардың (шаршы метр) тұрғын үй алаңдарының көрсеткіштерін салыстыратын болсақ (stat.gov.kz деректер бойынша) биыл «Shymkent «ӘКК» АҚ қызметіне қатысты көрсеткіштер әлдеқайда жоғары. «Shymkent «ӘКК» АҚ-мен бірлесіп іске асқан инвестициялардың жалпы сомасы 387 млрд. теңгеден асады. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен үш есе көп.
Шымкент қаласының ақпараттық-коммуникациялық орталығы