Бүгін «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының мәжіліс залында партия фракциясының мәжілісі өтті. Шымкент қаласы мәслихатының «Nur Otan» фракциясы мәжілісінде аталған фракцияның 2021 жылдың бірінші жарты жылдығында атқарған жұмысының есебі тыңдалды. Жиынға партияның Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаева төрағалық етті.
Мәжіліске ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Ерман Мұхтар, Бекжанов Берік, Ташқараев Ғани мен фракция мүшелері қатысты.
Фракцияның осы жылдың алты айында атқарған жұмысының есебі туралы фракция жетекшісі Бекайдар Тулегенов баяндама жасады.
Депутаттық фракция мәжілісінің басты мақсаттарының бірі – жергілікті бюджет қаражатының мақсатты, әрі тиімді жұмсалуын бақылау болып табылады. Осы мақсатта биыл халықтың талап-тілектері мен ұсыныстары ескеріле отырып партияның бесжылдық қалалық сайлауалды бағдарламасы дайындалды. Партия лидері, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2021-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асыру үшін Жол картасы әзірленді. Жол картасында 10 басымдық бойынша 149 іс-шараны жүзеге асыру мақсат етілген. Фракцияның барлық мүшелері Жол картасындағы индикаторлардың орындалуына жауапты.
Бұдан бөлек, партияның сайлауалды бағдарламасында басым бағыттардың орындалуын бақылау мақсатында қалалық филиал жанынан 11 қоғамдық кеңес құрылды. Қоғамдық кеңестер тарапынан тиісті мекемелерге 134 ұсыныс жолданды. Бүгінге дейін қалалық мәслихаттағы фракцияның 7 отырысы өтіп, күн тәртібінде 49 мәселе қаралды.
Соныиен қатар, мәслихаттағы фракция мүшелері тарапынан жыл басынан бері тиісті мекемелерге 141 депутаттық сауал жолданды.
Партия қоғамдық диалогқа әрдайым дайын. Жыл басынан бері Жол картасындағы іс шаралардың іске асырылуын бақылау мақсатында фракция мүшелері тұрғындармен 200-ге жуық кездесу өткізді. Сондай-ақ фракция мүшелерімен 47 қабылдау ұйымдастырылды. Қабылдауда 288 азаматтардың талап-тілектері тыңдалды. Оның ішінде 90 азаматтың мәселесі оң шешімін тапса, қалған 198 азаматқа заң аясында түсінік берілді.
Сонымен қатар партиялық жобалар мен қайырымдылық акцияларын іске асыруда барлық фракция мүшелері тарапынан 90 млн. теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетілді.