Қазақстанның жаһандық инвестициялық дөңгелек үстелі (KGIR-2026) аясында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков халықаралық компаниялар және Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Кездесулерде әлеуетті инвестициялық жобалар, жаңа өндіріс орындарын ашу және қала инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне басымдық берілді.
Келіссөздер Пәкістанның FlyCom LLC, AeroNext Global және Forza Roma Group компанияларының, Израильдің Go Carmel Ltd., Норвегияның Jotun және Непалдың CG Group компанияларының өкілдерімен өтті.
Талқылау барысында Пәкістандық серіктестермен агроөнеркәсіп кешенін дамыту және сауда байланыстарын нығайту, Go Carmel Ltd. компаниясының қатысуымен күн энергетикасы нысандарын салу, Jotun компаниясымен бірлесіп сырлы-бояу материалдарын өндіруді ұйымдастыру мәселелері қаралды.
CG Group басшылығымен өткен кездесуде Шымкентте азық-түлік өндіруді ұйымдастыру және кейіннен Қазақстан мен Орталық Азия нарықтарына шығу мүмкіндіктері талқыланды.
ЕҚДБ-ның Орталық Азия және Моңғолия бойынша басқарушы директоры Хусейн Өзханмен кездесуде коммуналдық саладағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.
Келіссөздер барысында шетелдік серіктестерге Шымкентте жаңа кәсіпорындар орналастырудың, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың мүмкіндіктері, сондай-ақ, көлік-логистикалық инфрақұрылымның артықшылықтары таныстырылды.
Қала әкімі шетелдік компанияларға инвестициялық жобаларды пысықтау мен іске асырудың барлық кезеңінде қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті. Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар алдағы ынтымақтастық байланыс бағыттарын айқындады.
Шетелдік инвестицияларды жұмылдыру және өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту Шымкент экономикасының дамуына қосымша серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қаланың өндірістік әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Инвестициялық көрсеткіштер де қала экономикасындағы оң динамиканы көрсетеді. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша Шымкентте негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 500,3 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,3 пайызға жоғары. Сонымен қатар, қалада өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 трлн 125,9 млрд теңгеге жетіп, 12,4 пайызға өсті. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі 989,6 млрд теңгені құрады. Аталған көрсеткіштер мегаполистің өндірістік әлеуеті артып, инвестиция тарту бағытындағы жұмыстардың жалғасып жатқанын аңғартады.
Алдағы кезеңде шетелдік инвесторлармен орнатылған байланыстарды нақты жобаларға айналдыру, жаңа өндіріс орындарын іске қосу және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту басты міндеттердің бірі болмақ. Әсіресе, агроөнеркәсіп, жаңартылатын энергия көздері, химия өнеркәсібі, азық-түлік өндірісі және коммуналдық инфрақұрылым салаларындағы бастамалар қаланың экономикалық дамуына тың серпін бере алады. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және Шымкенттің Орталық Азиядағы маңызды өндірістік әрі инвестициялық орталық ретіндегі орнын нығайтуға мүмкіндік береді.