Қазақстанда инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдайлар жасалған: инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін Kazakhstan Investment House орталығында экспорттық және өнеркәсіптік қолдаудың 100-ден астам түрі қолжетімді болады, Altyn Visa арнайы визалық режимі енгізілуде, «Астана» халықаралық қаржы орталығының базасында ағылшын құқығы нормаларын қолдану мүмкіндігі бар, инвесторлардың құқықтарын Бас прокуратура деңгейінде қорғау тетіктері жұмыс істейді, инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді Үкімет жанындағы кеңес жүзеге асырады.
Инвестициялық тартымдылық халықаралық рейтингтермен де расталады. Жетекші рейтингтік агенттіктер Қазақстанның инвестициялық деңгейін растап отыр. Ал S&P агенттігі еліміздің рейтингін тұрақты болжаммен «BBB» деңгейіне дейін көтерді. Бұл – соңғы онжылдықта қол жеткізілген осындай алғашқы көрсеткіш. Сонымен қатар еліміз Global Investment Risk and Resilience Index индексінде бірден 17 сатыға көтеріліп, әлем бойынша 53-орынға ие болды.
Премьер-министр жетекші шетелдік компаниялар жаңа жобалары үшін Қазақстанды таңдауды жалғастырып жатқанын атап өтті. Табысты жүзеге асырылып жатқан бастамалар осының айқын дәлелі.
Мәселен, Stadler Rail Астанада жолаушылар вагондарының жаңа буынын шығаруды жолға қойды, Carlsberg Group қазіргі заманғы сусындар өндірісін ашты, Harvest Agro Holding ірі агроиндустриалды кластерді қалыптастыруда, Mars үй жануарларына арналған азық өндірісін құруда, ал Air Liquide сутегі өнеркәсібін дамытуда.
Пленарлық сессия барысында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, The Boeing Company президенті және бас атқарушы директоры Келли Ортберг, Ислам даму банкінің президенті, Ислам даму банкі тобының төрағасы Мухаммад Сулейман Аль-Джассер, Masdar бас атқарушы директоры Мохамед Джамиль Аль-Рамахи, Sarens Kazakhstan президенті Лудо Антон Саренс, Lasselsberger Group бас атқарушы директоры Йозеф Ласселсбергер сөз сөйледі.
Шымкентте KGIR-2026 алаңында жалпы сомасы $4,8 млрд болатын 22 құжатқа қол қойылды.
Олардың қатарында инвестициялар бойынша мына келісімдер бар:
Қостанай облысында $730 млн сомасына қуаты 1 000 МВт болатын, энергия жинақтау жүйесі бар жел электр стансасын салу туралы (ҚР Энергетика министрлігі мен «Turan Wind Energy» ЖШС арасында);
$249,6 млн сомасына Қазақстанның автомобиль жолдарында интеллектуалды бақылау жүйесін (АЖИБЖ) құру туралы (ҚР Көлік министрлігі мен «Freedom Lab» ЖШС арасында);
Ақтөбе қаласында $150 млн сомасына шыны ыдыс өндіретін зауыт салу туралы (ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Aktobe Steklo компаниясы арасында).
Меморандумдар:
$1 млрд сомасына 20 өңірлік инклюзивті мектептен тұратын желі салу жобасын жүзеге асыру туралы (ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен «DSKZ & KAMC» ЖШС арасында);
$1 млрд сомасына Құрық портының дамуының бірінші кезеңі аясында көпфункционалды терминал салу туралы («Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ мен Guoyou Materials Group Co., Ltd. арасында);
$650 млн сомасына «Қазақстанның халықаралық медициналық қаласы» инвестициялық жобасын жүзеге асыру туралы («KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ мен Shoval Kazakhstan Ltd. арасында);
$500 млн сомасына ДӨО алқабының аумағында қуаты 250 МВт болатын дата-орталық салу туралы (ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Amsa Digital компаниясы арасында);
$111,1 млн сомасына ет кластерін құру туралы (Түркістан облысының әкімдігі мен «Nurym Group» ЖШС арасында);
Астанада $40,8 млн сомасына британдық білім беру моделі бойынша жатақханасы бар университет кампусын салу және пайдалану туралы (ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Coventry University Kazakhstan арасында);
$8,8 млн сомасына полипропилен қаптар мен биг-бэгтер өндіретін зауыт салу туралы (Қызылорда облысының әкімдігі мен Apex Packaging компаниясы арасында) және басқа да құжаттар бар.
Сондай-ақ, Шымкент қаласының әкімдігі мен «KOKSAN» ЖШС арасында $74,3 млн сомасына ПЭТ-преформалар өндіретін және пластикті қайта өңдейтін зауыт салу жөніндегі негіздемелік келісімге қол қойылды.
Әлеуметтік-экономикалық және индустриялық жобаларды жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін «Кока-Кола Алматы Боттлерс» БК» ЖШС бас директоры Вели Динчел, Aksa Energy компаниясының бас директоры Наджи Агбал, «Kazakhstan Hydrogen Peroxide» ЖШС бас директоры Сунь Пэнчэн, «KamLitKZ» ЖШС бас директоры Алексей Котов, «Saran Machinery» ЖШС бас директоры Станислав Ли; «Fabe Agro» ЖШС басқарма төрағасы Ахмед Будан, Emirates Kazakhstan Education Investment Group өкілі Руслан Жұмагұлов; Carlsberg Central Asia президенті әрі Орталық Азия өңірінің басшысы Вячеслав Мальцев; SABIS өңірлік директоры Рами Малак; Ardingly Astana халықаралық білім беру мекемесінің басшысы Даррен Джонс; TEXOL компаниялар тобының директорлар кеңесінің төрағасы Шота Абхазава; Network School негізін қалаушы әрі бас директоры Баладжи Шринивасан марапаттарға ие болды.




