Шымкент қаласының Қайнарбұлақ және Нұрсәт шағынаудандарында ангар үлгісіндегі екі модульді спорт залының құрылысы аяқталды. Жаңа нысандар бұқаралық спортпен шұғылдануға мүмкіндік беріп, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің спортқа қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Нысандардың ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков және «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басқармасының төрайымы Ләззат Шыңғысбаева қатысты. Салтанатты шара барысында жаңа спорт кешендерінің тұрғындар үшін маңызы атап өтіліп, қаладағы спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстардың жалғасатыны айтылды.
«Әр шағынауданның тұрғындары тұрақты жаттығып, денсаулығын нығайтуға, белсенді өмір салтын ұстануға мүмкіндік алуы маңызды. Біз спорт нысандарының қолжетімділігіне ерекше назар аудара отырып, қаланың спорт инфрақұрылымын дамытуды жалғастырамыз», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Айта кетейік, модульді нысандардың құрылысы 2025 жылдың қараша айында басталған. Жобалар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асырылып, мегаполиске сыйлық ретінде беріліп отыр. Бұл бастама әлеуметтік маңызы бар нысандарды көбейтуге және тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Спорт залдары баскетбол, волейбол және шағын футбол ойнауға қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Мұнда ұлдар мен қыздарға арналған жеке киім ауыстыру бөлмелері, душ кабиналары, жаттықтырушыларға арналған бөлмелер және 50 көрерменге арналған орындар қарастырылған. Сондай-ақ, жылдың суық мезгілінде де жаттығу жұмыстарын үздіксіз жүргізуге мүмкіндік беретін жылыту жүйелері орнатылған.
Жаңа спорт залдарының пайдалануға берілуі, ең алдымен, шағынаудандардағы балалар мен жасөспірімдер үшін маңызды. Енді олар алысқа қатынамай-ақ, тұрғылықты жеріне жақын орналасқан спорт нысандарында жаттығып, өздерінің физикалық дайындығын жетілдіре алады. Сонымен қатар, мұндай нысандар жас спортшылардың қабілетін шыңдап, олардың спорттық әлеуетін дамытуға жол ашады.
Спорт инфрақұрылымының қолжетімді болуы – бұқаралық спортты дамытудың негізгі алғышарттарының бірі. Әсіресе, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оларды салауатты өмір салтына баулу және спортқа тұрақты қызығушылығын қалыптастыруда заманауи спорт залдарының орны ерекше. Жаңа кешендер тұрғындардың басын біріктіріп, шағынаудандардағы қоғамдық белсенділікті арттыруға да ықпал етеді.
Бүгінде Шымкентте халықтың дене шынықтырумен және спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасау, спорт нысандарының санын арттыру және олардың аумақтық қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте жаңа спорт кешендерін тек ірі орталықтарда ғана емес, тұрғындар тығыз орналасқан шағынаудандарда да ашудың маңызы зор.
Осылайша, Қайнарбұлақ пен Нұрсәт шағынаудандарында ашылған екі модульді спорт залы қала тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Жаңа нысандар бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға, өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтуға және қалада салауатты өмір салтын қалыптастыруға өз үлесін қосады.




