Шымкент қаласындағы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде Жаңа Конституцияны насихаттауға арналған «дөңгелек үстел» өтті. Қоғамдық-саяси маңызы бар шараға университет оқытушылары, заң саласының мамандары, ғалымдар және студенттер қатысып, еліміздің басты құқықтық құжаты – Конституциядағы өзгерістер мен олардың қоғам дамуына ықпалы жөнінде пікір алмасты.
Қаладағы іргелі жоғары оқу орындарының бірі саналатын университетте қазіргі таңда 22 мыңнан астам студент білім алады. Осыған байланысты жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, азаматтық белсенділікті арттыру және мемлекеттік реформалардың мазмұнын түсіндіру бағытындағы іс-шаралардың маңызы ерекше. Мұндай кездесулер студенттердің саяси-құқықтық сауатын арттырып, елдегі өзгерістерді терең түсінуіне мүмкіндік береді.
Жиынды саясаттану ғылымдарының PhD, «Саясаттану» кафедрасының меңгерушісі Ардақ Базарбекұлы ашып, қатысушыларды Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуімен құттықтады. Ол өз сөзінде Ата Заң еліміздің саяси-құқықтық дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды құжат екенін атап өтті. Сонымен қатар Конституциялық өзгерістердің әділетті қоғам қалыптастыру, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы маңызды қадам екенін жеткізді.
Шара барысында заң ғылымдарының докторы, профессор, «Қылмыстық құқық және қылмыстық процесс» кафедрасының меңгерушісі Айсана Сман Жаңа Конституцияның құқықтық жүйені жаңғыртудағы рөліне тоқталды. Оның айтуынша, негізгі заңға енгізілген өзгерістер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге, заң үстемдігін нығайтуға және қоғамдағы әділет қағидаттарын орнықтыруға бағытталған.
Профессор сондай-ақ Конституциялық реформалардың мәні мен мазмұнын түсіндіру жұмыстары білім алушылар арасында тұрақты жүргізіліп келе жатқанын атап өтті. Бүгінде кафедрада білім алып жатқан 2,5 мыңға жуық студентке Ата Заңдағы өзгерістердің ерекшеліктері, олардың азаматтардың өміріндегі маңызы және құқықтық мемлекет құрудағы орны туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылуда.
Кездесу барысында қатысушылар Конституцияның қоғам өміріндегі рөлі, жастардың құқықтық сауатын арттыру және азаматтардың заң алдындағы жауапкершілігі мәселелерін талқылады. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды. Ашық пікір алмасу форматында өткен жиын жастардың қоғамдық үдерістерге белсенді араласуына және құқықтық білімін жетілдіруіне ықпал етті.
Жиында сөз алған өзге де қатысушылар Ата Заңды құрметтеу, оның талаптарын сақтау және ел дамуына үлес қосу әрбір азаматтың маңызды міндеті екенін атап өтті. Конституцияның мазмұнын терең түсіну – құқықтық мәдениетті қалыптастырудың негізгі шарттарының бірі екені айтылды.
Осындай ақпараттық және түсіндіру бағытындағы іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады. Бұл жұмыстар жастардың құқықтық санасын қалыптастыруға, азаматтық жауапкершілігін арттыруға және еліміздің саяси-құқықтық дамуындағы өзгерістерді дұрыс қабылдауына мүмкіндік береді.




