Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланы аралау барысында бірқатар маңызды әлеуметтік, инфрақұрылымдық және спорттық нысандардың жұмыс барысымен танысты. Сапар аясында қала басшысы тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды бақылап, көлік инфрақұрылымын дамыту жобаларының жүзеге асырылу барысын тексерді. Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі спорттық шараның ашылу рәсіміне қатысып, қалада бұқаралық және кәсіби спортты дамыту бағытындағы жұмыстарға назар аударды.
Алдымен қала әкімі «Көрме» орталығында өткен жаңа пәтер кілттерін табыстау рәсіміне қатысты. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары аясында тағы 30 отбасы жаңа баспаналы болды. Пәтерлер «Отбасы банк» АҚ-ның «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары негізінде берілді. Бұл бағдарламалар азаматтардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыруға, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың баспана мәселесін шешуге және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.
Қала әкімі жаңа қоныс иелерін қуанышты сәтімен құттықтап, әр отбасыға береке-бірлік, амандық және жаңа шаңырақтарында бақытты өмір тіледі. Ғабит Сыздықбеков тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету – қала дамуының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтіп, бұл саладағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.
Сондай-ақ қала басшысы инфрақұрылымдық жобалардың орындалу барысын тексерді. Атап айтқанда, Тіленшин көшесі бойындағы теміржол үстінен өтетін автожол өткелінің құрылысы қаралды. Бұл жоба көлік қозғалысын жеңілдетіп, қаладағы жол қатынасының тиімділігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар Тұран шағынауданындағы көшелерге асфальт төсеу жұмыстарының барысы тексеріліп, жол сапасына және құрылыс мерзімдерінің сақталуына баса назар аударылды.
Қаратау ауданында Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысындағы жолайрық құрылысы, сондай-ақ А-2 айналма автожолын реконструкциялаудың V кезеңі мен Қонаев даңғылы жалғасының V кезеңі бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар да бақылауға алынды. Аталған жобалар қаланың көлік жүйесін жаңғыртуға, негізгі бағыттардағы көлік ағынын реттеуге және тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Нысандарды аралау қорытындысы бойынша мердігер ұйымдарға құрылыс-монтаж жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау, жұмыс кестесін қатаң сақтау және орындалатын жұмыстардың сапасын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Қала әкімдігі үшін инфрақұрылымдық жобалардың уақытылы жүзеге асырылуы – шаһардың тұрақты дамуы мен тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырудың негізгі талаптарының бірі болып табылады.
Қала әкімі сапарының соңында Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда өткен «XXXV Qosanov Memorial World Athletics Continental Tour Bronze Level» халықаралық жеңіл атлетика турнирінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Ғұсман Қосановтың құрметіне ұйымдастырылатын дәстүрлі жарыс 2021 жылдан бері «World Athletics Continental Tour Bronze Level» сериясының құрамына еніп, әлемдік рейтингте спортшылардың өз нәтижелерін жақсартуына мүмкіндік беріп келеді.
Биылғы халықаралық турнирге 12 мемлекеттен келген 250-ге жуық спортшы қатысып, жеңіл атлетиканың түрлі бағыттары бойынша бақ сынауда. Жарыс бағдарламасына 27 жеке сайыс және 4 эстафеталық бәсеке енгізілген. Шетелдік және отандық спортшылардың қатысуы Шымкент қаласының халықаралық спорттық іс-шараларды өткізу мүмкіндігін көрсетіп, қаланың спорттық беделін арттыруға ықпал етеді.
Ғабит Сыздықбеков жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, спортшыларға жоғары нәтижелер мен жеңісті сәттер тіледі. Сонымен қатар мұндай халықаралық додалардың жастарды спортқа баулуда, салауатты өмір салтын насихаттауда және қаланың спорттық инфрақұрылымын дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Шымкент қаласында тұрғын үй, жол-көлік инфрақұрылымы және спорт салаларындағы ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмыстар қаланың заманауи талаптарға сай дамуына, тұрғындар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға және Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған.




