Шымкентте Қала күні «Астана» алаңында өткен ауқымды гала-концертпен қорытындыланды. Мерекелік кешке қала тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналып, көтеріңкі көңіл күйде думанды кештің куәсі болды. Бұл күні барлық шымкенттіктер бір алаңға тоғысып, күнделікті күйбең тірлік пен түрлі мәселелерді бір сәтке ұмытып, ерекше әсер мен шаттыққа бөленді.
Гала-концертте жергілікті өнерпаздар мен елімізге танымал әншілер – Alem, Bayansulu, Turar, Ғазизхан Шекербек, Сырым Исабаев, Әділет Жауғашар, Нұржан Төлендиев, Ғаламат Бейсеқожа, Ажар Назар және «Астра» тобы өнер көрсетіп, көпшілікке сүйікті әндерін тарту етті.
Қала жұртшылығы Шымкент сахнасына алғаш рет шыққан «Астра» тобы мен Ажар Назарды ерекше ықыласпен қарсы алды. Шымкенттің ерке баласы Әділет Жауғашар сахнаға көтерілген сәтте алаңдағы көрермендер қосыла ән шырқап, би билеп, мерекелік көңіл күйдің көркін қыздырды. Өнер жолына қайта оралған Сырым Исабаевпен де тұрғындар сағына қауышып, оның әндерін бірге орындады. Қала тумасы Ғазизхан Шекербекті де жерлестері зор қошеметпен қарсы алды.
Alem мен Turar сахнаға шыққан сәтте алаңдағы жастардың қуанышы тіпті еселеніп, мыңдаған көрермен әндерді қосыла орындады. Ал, Bayansulu-дың хит әні шырқалғанда, алаңдағы жұртшылық бір мезетте танымал биге қосылып, мерекенің шырайын аша түсті.
Кеш бойы «Астана» алаңы ән мен әуенге бөленіп, қала тұрғындарының жүзінен қуаныш пен шаттық айқын байқалды. Мерекелік кештің шарықтау шегі түрлі түсті отшашуға ұласып, Шымкент аспаны жарқыраған шамдарға бөленді.
Осылайша, Қала күніне арналған мерекелік кеш шымкенттіктерге көтеріңкі көңіл күй, ұмытылмас әсер мен жарқын естеліктер сыйлады.




