Шымкент қаласы халықаралық спорттық жарыстарды қабылдауға толық дайын. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес Қ.Мұңайтпасұлы атындағы Орталық стадионда ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, нысан халықаралық талаптарға сай заманауи спорт кешеніне айналды.
Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде стадион жеңіл атлетикадан әлемдік деңгейдегі жарыстар өткізуге мүмкіндік беретін инфрақұрылымға ие болды. Бұл өз кезегінде Шымкенттің спорттық әлеуетін арттырып, қаланы халықаралық спорт орталығы ретінде дамытуға жол ашып отыр.
2026 жылдың басты спорттық оқиғаларының бірі – XXXV Ғұсман Қосанов мемориалы болып отыр. Дәстүрлі халықаралық жеңіл атлетика турнирі 30 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді.
Жарысқа Қазақстаннан бөлек Өзбекстан, Тәжікстан, Үндістан, Жапония, Филиппин, Әзербайжан, Грузия, Түркия және Египет елдерінен 800-ге жуық спортшының қатысуы жоспарлануда. Бұл турнир халықаралық деңгейдегі маңызды спорттық дода ретінде кеңінен танылып келеді.
Алдағы уақытта Шымкент қаласында жеңіл атлетикадан Азия чемпионатын өткізу жоспарланып отыр. Бұл ауқымды додаға 2000-нан астам спортшы мен ресми делегаттардың қатысуы күтіледі.
Осындай деңгейдегі халықаралық жарыстар қаланың беделін арттырып қана қоймай, туризм, қонақүй бизнесі және қызмет көрсету саласының дамуына да айтарлықтай серпін береді.
Қ.Мұңайтпасұлы атындағы Орталық стадион толықтай жаңартылып, халықаралық стандарттарға сәйкестендірілді. Жеңіл атлетика инфрақұрылымы түбегейлі қайта жасалып, заманауи талаптарға сай жабдықталды.
Атап айтқанда, стадионда:
8 жолақты жаңа жүгіру жолағы салынды;
халықаралық стандарттарға сәйкес көк түсті тартан жабыны төселді;
ескі жабын толық алынып, сертификатталған жаңа материалмен алмастырылды;
көрермендерге арналған орындықтар жаңартылды;
заманауи LED-экрандар, борттық табло және ақпараттық мониторлар орнатылды.
Бұл жаңартулар көрермендерге де, спортшыларға да жоғары деңгейдегі жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Жоба аясында жеңіл атлетикаға арналған жаңа спорттық инвентарьлар сатып алынды. Олардың қатарында биіктікке секіру, сырықпен секіру, кедергілер арқылы жүгіру сияқты олимпиадалық дисциплиналарға қажетті кәсіби құрал-жабдықтар бар.
Бұл жабдықтар халықаралық жарыстарды өткізу талаптарына толық сәйкес келеді және спортшылардың жоғары нәтижелер көрсетуіне мүмкіндік береді.
Стадионды жаңғырту жұмыстары демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылды. Құрылыс материалдарының негізгі бөлігі де әлеуметтік жауапкершілігі жоғары бизнес өкілдерінің көмегімен қамтамасыз етілді.
Мұндай әріптестік қаладағы спорт инфрақұрылымын дамытуға үлкен үлес қосып отыр.
Жаңартылған Қ.Мұңайтпасұлы атындағы Орталық стадион Шымкент қаласының халықаралық деңгейдегі спорттық іс-шараларды өткізуге толық дайын екенін көрсетеді.
Бұл жоба тек спорт саласының дамуына ғана емес, сонымен қатар қаланың халықаралық беделін арттыруға, жастарды спортқа баулуға және бұқаралық спортты дамытуға зор мүмкіндік береді. Шымкент алдағы уақытта ірі спорттық орталықтардың біріне айналу жолында сенімді қадам жасап отыр.




