Шымкент қаласында тұрғындардың жайлы демалысы мен бос уақытын тиімді өткізуіне арналған қоғамдық кеңістіктерді дамыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Осы бағыттағы ірі жобалардың бірі – Шымкент сити шағынауданында салынып жатқан заманауи саябақ. Қазіргі таңда нысанның екінші кезеңінің құрылысы қарқынды жүргізіліп, жұмыстар белгіленген кестеге сәйкес жүзеге асырылуда.
Жоба мегаполистің көркін арттырып қана қоймай, тұрғындар мен қала қонақтары үшін қолайлы демалыс аймағын қалыптастыруға бағытталған. Бүгінде мердігер мекеме құрылыс-монтаж жұмыстарының шамамен 75 пайызын аяқтап отыр. Мамандардың айтуынша, барлық жұмыстар Қала күніне дейін толық аяқталып, жаңа демалыс аймағы халық игілігіне пайдалануға беріледі.
Жобаның басты ерекшелігі – саябақ аумағының тек демалыс орны ғана емес, ұлттық тарих пен мәдени мұраны насихаттайтын ерекше танымдық кеңістік ретінде қалыптастырылуы. Осы мақсатта мұнда заманауи сәулет элементтері мен тарихи-мәдени мазмұн ұштастырылған.
Саябақтың жаңа бөлігінде тұрғындардың жайлы демалуына қажетті барлық жағдай қарастырылған. Атап айтқанда, аумаққа шағын сәулеттік формалар орнатылып, заманауи ақпараттық стендтер орналастырылады. Сонымен қатар, арқалығы бар ыңғайлы орындықтар, қоқыс жәшіктері, арнайы пикник үстелдері және табиғат аясында демалуға арналған арнайы алаңдар салынады.
Жоба аясында келушілердің серуендеуіне қолайлы жағдай жасау мақсатында ағаштан жасалған арнайы жаяу жүргінші соқпақтары төселуде. Сонымен бірге бірнеше шолу алаңдары салынып, келушілерге саябақтың көркем келбетін тамашалауға мүмкіндік беріледі.
Көгалдандыру жұмыстары да жобаның маңызды бөлігінің бірі болып табылады. Саябақ аумағында мыңдаған көшет отырғызылып, сәндік ағаштар мен бұталар егіледі. Түрлі гүлдерден құралған гүлзарлар жасалып, жасыл аймақтардың көлемі айтарлықтай ұлғайтылмақ. Бұл өз кезегінде экологиялық ахуалды жақсартуға және қала тұрғындары үшін жайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді.
Жобада ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың мүддесі де ескерілген. Саябақ аумағында пандустар орнатылып, төмендетілген жиек тастар жасалады. Нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен балалар арбасын пайдаланатын ата-аналар үшін қолайлы әрі кедергісіз орта қалыптасады.
Саябақтың ең маңызды және ерекше нысандарының бірі – қазақ халқының көпғасырлық тарихын бейнелейтін монументалды барельеф болады. Ауқымды композицияда халқымыздың тарихи кезеңдері мен ұлттық болмысы көркем әрі заманауи тәсілмен көрсетіледі.
Барельеф төрт негізгі тарихи тақырыптан тұрады.
Алғашқы бөлім – «Ежелгі түркілер». Бұл композицияда сақтар, ғұндар және ежелгі түркі дәуірінің тарихи кезеңдері көрініс табады. Панно арқылы қазақ жеріндегі ежелгі өркениеттердің қалыптасуы, көшпелі мәдениеттің бастаулары мен түркі халықтарының тарихи мұрасы бейнеленеді.
Екінші бөлім – «Алтын Орда». Мұнда ұлы дала тарихындағы маңызды мемлекеттердің бірі болған Алтын Орданың кезеңі көркем түрде көрсетіледі. Композицияда тақ үстінде отырған Шыңғыс хан, оның қолбасшылары, сондай-ақ бес қаруын сайлаған атты және жаяу әскер бейнеленіп, сол дәуірдің әскери қуаты мен тарихи маңызы көрсетіледі.
Үшінші тақырып – «Қазақ хандығы». Бұл бөлімде қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуы көрініс табады. Паннода қазақ елін басқарған хандар, ел қорғаған батырлар және халықтың бірлігі мен әділдігін қамтамасыз еткен билердің бейнелері орналастырылады. Осы арқылы жас ұрпаққа қазақ мемлекеттілігінің тарихы мен ұлттық құндылықтары насихатталмақ.
Төртінші бөлім – «Заманауи Қазақстан». Бұл композиция тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері мен даму жолын бейнелейді. Панно сюжетінде еліміздің мемлекеттік рәміздері, заманауи қалалар, индустриялық және инновациялық даму көріністері қамтылып, Қазақстанның бүгінгі келбеті көрсетіледі.
Мамандардың айтуынша, тарихи композициялар саябақтың сәулеттік келбетін ерекше етіп қана қоймай, келушілерге танымдық мағына береді. Бұл жоба ұлттық тарихты дәріптеуге және жастардың тарихи санасын қалыптастыруға бағытталған маңызды мәдени бастама болып саналады.
Айта кету керек, аталған ауқымды саябақтың құрылысы 2023 жылы басталған болатын. Жобаның бірінші кезеңі 2024 жылы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Қысқа уақыт ішінде жаңа демалыс орны қала тұрғындарының сүйікті мекендерінің біріне айналды. Мұнда күн сайын жүздеген адам серуендеп, спортпен шұғылданып, отбасымен бірге уақыт өткізеді.
Саябақтың екінші кезеңі аяқталғаннан кейін оның аумағы едәуір кеңейіп, келушілерге ұсынылатын мүмкіндіктер арта түседі. Жаңа инфрақұрылым тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып, Шымкенттің заманауи әрі жайлы қала ретіндегі келбетін нығайта түседі.
Қала әкімдігі қоғамдық кеңістіктерді дамыту, жасыл аймақтарды көбейту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыруды жоспарлап отыр. Осылайша, Шымкентте жүзеге асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық жобалар мегаполистің әлеуметтік және мәдени дамуына тың серпін беруде.




