«АНА ҮЙІ» қоғамдық қоры — 13 жыл бойы әлеуметтік жетімдіктің алдын алу және жыл сайын балалар үйлеріне түсетін балалар санын азайту мақсатында қызмет атқарып келе жатқан қайырымдылық қоры. Қор әрбір баланың бақытты әрі қауіпсіз отбасылық ортада өсуіне мүмкіндік болатын қоғам мен балалардың әл-ауқаты үшін жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта Қорда екі негізгі бағыт жұмыс істейді:
— «Дом Мамы» Ресурстық орталықтары
— Бала асырап алу ұлттық агенттігі
Қор жұмысының алғашқы кезеңі балалардың интернаттық мекемелерге түсуінің алдын алуға бағытталған «Дом Мамы» Ресурстық орталықтары болды. «Дом Мамы» жаңа туған сәбиімен бірге қиын өмірлік жағдайға тап болған әйелдерге көмек көрсетеді. Жобаның негізгі мақсаты — ананың баладан бас тартуының алдын алу және сәбиді туған отбасында тәрбиленуіне жағдай жасау.

Мысалы, бала туғаннан кейін отбасының қолдауынсыз, баспанасыз және тұрақты табыссыз қалған жас анаға уақытша тұру орны, психолог пен әлеуметтік қызметкердің көмегі, құжаттарын қалпына келтіру, жәрдемақы рәсімдеу және жұмысқа орналасу бойынша сүйемелдеу. Бұл баланы туған отбасында тәрбиеленуіне және одан бас тартудың алдын алуға мүмкіндік береді.
Бүгінде Қор Қазақстанның 18 өңірінде 20 «Дом Мамы» ашып, жұмыс жүргізуде, олардың екеуі онлайн-консультациялық орталықтар болып табылады. 13 жыл ішінде 7 867 әйелге дер кезінде атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді, соның арқасында олардың балалары балалар үйлеріне түспей, өз отбасыларында қалды. Қазіргі таңда «Дом Мамы» аналардың жаңа туған балаларынан бас тартуының 69%-ын алдын алады.
Алайда бұл Қазақстандағы әлеуметтік жетімдік мәселесін толық шешу үшін жеткіліксіз, себебі балалар үйі әртүрлі жастағы балалармен әлі де толығып келеді.
Сондықтан Қор жұмысының екінші кезеңі ретінде 2016 жылы Бала асырап алу ұлттық агенттігі құрылды. Оның миссиясы — қабылдаушы отбасыларды кәсіби даярлау, сүйемелдеу және қазақстандық қоғамда асырап алу мәдениетін дамыту.

Қазақстанның 20 қаласында кеңес беру кабинеттері жұмыс істейді, онда Қор мамандары балалар үйінен немесе сәбилер үйінен баланы өз отбасына қабылдағысы келетін азаматтар мен отбасыларға көмек көрсетеді. Психологтар қабылдаушы ата-аналар мектебінде әлеуетті асырап алушыларды дайындайды, онда үміткерлер жас ерекшелік психологиясы, қабылдаушы баламен қарым-қатынас орнату ерекшеліктері және бүкіл отбасының жаңа жағдайларға бейімделуі туралы маңызды білім алады.
Бүгінгі таңда Бала асырап алу ұлттық агенттігінің қолдауымен 2 119 бала 1 438 қазақстандық отбасына орналастырылды. Барлығы 20 794 азаматқа кеңес берілді, олардың 6 772-сі қабылдаушы ата-аналар мектебінде оқудан өтті.
Халықаралық тәжірибе дәлелдегендей, тек отбасы ғана баланы дербес өмірге толыққанды дайындап, жақын қарым-қатынастардың құндылығын және есею кезеңінде қажетті қолдауды қалыптастырады.

Сондықтан Қор балаларға арналған интернаттық мекемелерді трансформациялау бойынша «Балажан» бағдарламасын іске қосты. Бұл Қор дамуының үшінші кезеңі болды. Жобаның мақсаты — мекеме қызметкерлерінің назарын балаларды отбасылық орналастыруға жәрдемдесуге, балаларды отбасыға көшуге дайындауға бағыттау.
Балалардың уақытша орналастыру топтарынан балалар үйлеріне түсуінің алдын алу мақсатында 2021 жылы «Дом Мамы» ресурстық орталықтары сәбилер үйлеріндегі «Надежда» топтарына балаларын уақытша қалдырған әйелдерге көмек көрсету жұмысын бастады.
Осылайша «Дом Мамы» жұмысы дағдарыстық форматтан ресурстық форматқа ауысты, бұл Қор дамуының төртінші маңызды кезеңіне айналды.
Ресурстық орталық жұмысы екі негізгі бағытты қамтиды:
— балалардан бас тарту қаупі бар қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылармен жұмыс;
— интернаттық мекемелерде уақытша орналасқан балаларды туған отбасымен қайта қауыштыру жұмысы.

2021 жылдың шілде айынан бастап Ресурстық орталықтың қолдауымен интернаттық балалар мекемелеріне уақытша орналастырылған 1 377 бала туған отбасына қайтарылды.
Қазіргі таңда шамамен 3 962 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала балалар үйлерінде өз ата-аналарын күтуде. Олардың арасында денсаулық мүмкіндіктері шектеулі және түрлі даму бұзылыстары бар балалар да бар.
Осы мәселені шешу үшін 2022 жылдың мамыр айында Қор қамқоршылары осындай ерекше балаларды қабылдауға дайын қабылдаушы ата-аналарды қолдауға бағытталған пилоттық жобаны іске асыруға 200 млн теңге бөлді. «Оңалту» жобасы Қор жұмысының келесі кезеңіне айналды.
Жоба аясында қабылдаушы отбасыларға мынадай қолдау көрсетіледі:
— балаларды медициналық оңалту қызметтерінің ақысын төлеу;
— қажет болған жағдайда балаларға жасалатын операциялық емнің ақысын төлеу;
— атаулы қаржылық көмек көрсету.
Бүгінгі таңда «Оңалту» бағдарламасы бойынша 319 балаға көмек көрсетілді.
Қазақстанда жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың республикалық деректер банкі жұмыс істейді, онда интернаттық мекемелердегі балалардың сауалнамалары орналастырылған. Қазіргі ақпараттық кеңістік жағдайында әлеуметтік желілер отбасын іздеудің маңызды құралына айналды. Заманауи үрдістерді ескере отырып, Қор инстаграм желісінде «Отбасын қалаймын» атты жетім балалардың видео-банкін құру бастамасын көтерді. Балалардың видео-сауалнамалары hochu_v_semyu парақшасында жарияланады. Осы пилоттық жоба арқасында интернаттық мекемелердегі 13 бала өз қабылдаушы ата-аналарын тапты.
2024 жылы Қор MOTHER’S HOME INTERNATIONAL FOUNDATION (MHIF) халықаралық бағытын ашып, оның құрылтайшылары Айдын Рахымбаев пен Арсен Томский болды.
Халықаралық бағыттың мақсаты — бүкіл әлем бойынша әлеуметтік жетімдікті азайту және балалар үйлеріндегі балалар санын қысқарту. Қазіргі таңда пилоттық ресурстық орталықтар Өзбекстан, Украина, Қырғызстан мен Малайзияда жұмыс істейді. Түркияда филиалдарды тіркеу үдерісі жүргізілуде, сондай-ақ Колумбия, Перу, Болгария, Польша және Таиланд елдерінде жобаны іске қосу мүмкіндіктері белсенді түрде зерттелуде.
Отбасылық орналастыру жүйесін дамытудың келесі маңызды кезеңі 2025 жылы кәсіби қабылдаушы отбасы институтын енгізу болды. Бұл — жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды уақытша отбасылық орналастырудың жаңа нысаны, мұнда мемлекет арнайы дайындалған отбасымен баланы кәсіби тәрбиелеу туралы келісімшарт жасайды.
Кәсіби қабылдаушы отбасы алдын ала таңдаусыз арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж 4 балаға дейін (ағайынды немесе апалы-сіңлілі балаларды қоспағанда) уақытша орналастыруға мүмкіндік береді. Негізгі мақсат — балалардың интернаттық мекемелерге түсуінің алдын алу, балаға қауіпсіз отбасылық орта жасау, қамқорлық, психологиялық қолдау және одан әрі тұрақты орналастыруға дайындықты қамтамасыз ету.
Кәсіби қабылдаушы ата-ана болуға үміткер әрбір адам диагностикадан, психологиялық даярлықтан және қабылдаушы ата-аналар мектебіндегі оқытудан міндетті түрде өтуі тиіс. Мұндай отбасылар баланы тәрбиелеу кезеңінің барлық сатыларында мамандардың сүйемелдеуімен қамтамасыз етіледі.
Мемлекет тарапынан қаржылық қолдау қарастырылған: баланы асырауға 10 АЕК (43 250 теңге), ал әрбір кәсіби қабылдаушы ата-анаға 70 АЕК (302 750 теңге) мөлшерінде жеке табыс салығын ұстай отырып төлем жасалады.
Бұл орналастыру нысаны баланың отбасында өмір сүру және тәрбиелену құқығын жүзеге асыруға ықпал етеді, сондай-ақ туған отбасын сақтауға, қорғаншылық органдарымен, мамандармен және баланың биологиялық ата-аналарымен тығыз өзара әрекеттесуге бағытталған.
Қордың барлық күш-жігері ата-анасының қамқорлығынсыз қалған әрбір баланың отбасында өмір сүріп, тәрбиелену мүмкіндігіне бағытталған.
Тонтекова Қалдар Жұмабайқызы
«АНА ҮЙІ» қоғамдық қорының өңірлік өкілі




