Қазіргі таңда азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті жеңілдету – маңызды бағыттардың бірі. Осы мақсатта Шымкент қаласында «Құқық кабинеті» жобасы жүзеге асырылып келеді. Бұл бастама – тұрғындарға тегін заңгерлік көмек көрсетіп, құқықтық ақпаратты қолжетімді форматта ұсынуға бағытталған тиімді құрал.
«Құқық кабинеті» – кез келген азаматтың құқықтық сұрақтарына жауап алып, қажетті кеңес алуына мүмкіндік беретін ашық алаң. Мұнда келушілер тек заңгерлік кеңес алып қана қоймай, заманауи цифрлық қызметтерді де пайдалана алады. Атап айтқанда, кабинетте «Әділет» және «Заң» құқықтық дерекқорларына қолжетімділік қамтамасыз етілген. Бұл жүйелер арқылы азаматтар қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілермен танысып, өз құқықтары мен міндеттері туралы нақты ақпарат ала алады.
Сонымен қатар, «Құқық кабинетінде» eGov, e-Otinish, «Ашық НҚА» сияқты мемлекеттік ақпараттық жүйелермен жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Бұл азаматтарға мемлекеттік органдарға онлайн өтініш жолдауға, түрлі қызметтерді электронды түрде алуға жағдай жасайды. Әсіресе, уақыт үнемдеу мен рәсімдерді жеңілдету тұрғысынан мұндай қызметтердің маңызы зор.
Аталған кабинетте көрсетілетін қызметтердің басты артықшылығы – олардың тегін әрі баршаға қолжетімді болуы. Кез келген тұрғын арнайы дайындықсыз-ақ келіп, қажетті құқықтық ақпаратты түсінікті әрі ыңғайлы форматта ала алады. Бұл әсіресе құқықтық білім деңгейі әртүрлі азаматтар үшін маңызды.
Бүгінде Шымкент қаласының бірнеше ауданында «Құқық кабинеттері» жұмыс істейді. Атап айтқанда, Абай ауданы әкімінің аппаратында (Бәйдібек би даңғылы, №60), Әл-Фараби ауданы әкімінің аппаратында (Тыныбаев көшесі, №49), Еңбекші ауданы әкімінің аппаратында (Толстой көшесі, №119), Қаратау ауданы әкімінің аппаратында (Нұрсат тұрғын алабы, №119), Тұран ауданы әкімінің аппаратында (Тәуке хан даңғылы, №6) орналасқан.
Бұл кеңсе желісі қала тұрғындарының әрқайсысына жақын орналасып, құқықтық қызметтерді қолжетімді етеді.
Қаратау ауданы әкімдігінің аппаратындағы «Құқық кабинеті» де белсенді жұмыс істеуде. Мұнда азаматтар құқықтық кеңес алып қана қоймай, электронды жүйелер арқылы түрлі өтініштерін жолдап, қажетті құжаттармен таныса алады. Бұл өз кезегінде халық пен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтып, ашықтық пен тиімділікті арттырады.
Жалпы алғанда, «Құқық кабинеті» – азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеруге, мемлекеттік қызметтерді оңай әрі жылдам алуға мүмкіндік беретін маңызды жоба. Осындай бастамалар арқылы қоғамда заңға деген құрмет артып, әрбір азамат өз құқығын қорғауға қабілетті бола түседі.
Самал Бахтыяр
Шымкент қаласы Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру жұмысы және
заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің бас маманы




