Атқарушылық жазба – азаматтық-құқықтық қатынастар саласында кеңінен қолданылатын, даусыз талаптарды сотқа жүгінбей-ақ мәжбүрлеп орындатуға мүмкіндік беретін құқықтық құрал. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, атқарушылық жазбаны нотариус борышкердің қатысуынсыз, бірақ заңда көзделген құжаттар негізінде жасайды. Бұл рәсім міндеттемені орындауды талап етуге құқылы тұлғаның құқықтарын жедел қорғауға бағытталған және сот өндірісіне балама тетік болып табылады.
Атқарушылық жазбаның мақсаты – азаматтық айналымдағы міндеттемелердің уақытылы әрі толық орындалуын қамтамасыз ету. Егер борышкер өз міндеттемесін белгіленген мерзімде орындамаса, өндіріп алушы нотариусқа жүгініп, атқарушылық жазба жасату арқылы берешекті өндіріп алуға құқылы.
Атқарушылық жазбаны жасау үшін талап даусыз болуы тиіс. Даусыз талап – бұл борыш сомасы нақты анықталған және тиісті құжаттармен расталған талап. Мұндай құжаттарға шарттар, қарыз шарттары, қолхаттар, төлем кестелері, есепшоттар және өзге де жазбаша дәлелдемелер жатады. Сонымен бірге міндеттемені орындау мерзімі өтіп кеткен болуы қажет.
Алайда, барлық жағдайда борышкердің қарызды жазбаша түрде арнайы «мойындауы» талап етілмейді. Әсіресе бұл жария шарттардан туындайтын міндеттемелерге қатысты. Азаматтық заңнамаға сәйкес, жария шарт – кәсіпкердің өз қызметінің сипатына қарай кез келген тұтынушымен бірдей талаптармен жасайтын шарты. Бұған электр энергиясын, газды, суды, жылуды жеткізу, байланыс қызметтері, сондай-ақ ақылы автожол қызметтері жатады.
Мысалы, азамат электр энергиясын немесе газды пайдаланғанда жеке келісімге қол қоймауы мүмкін. Алайда қызметті тұтыну фактісінің өзі шарттық қатынастың туындағанын білдіреді. Демек, мұндай жағдайда берешекті өндіріп алу үшін борышкердің арнайы қарызды мойындауы талап етілмейді. Қызметті пайдалану – шарт талаптарына қосылудың құқықтық белгісі болып табылады.
Сонымен қатар, нотариус ұсынылған құжаттардың заң талаптарына сәйкестігін тексеруге міндетті. Қарыз сомасы дұрыс есептелуі, тарифтер заңды негізде бекітілуі, есептеу кезеңі нақты көрсетілуі және берешек мөлшері айқын болуы тиіс. Егер талап даулы сипатта болса немесе есепте айқын қайшылықтар болса, атқарушылық жазба жасалмауы керек.
Атқарушылық жазба жасалғаннан кейін ол атқарушылық құжат мәртебесіне ие болады және сот орындаушыларына жіберіледі. Өндіріп алушының пайдасына борышкерден берешекті мәжбүрлеп өндіру шаралары қолданылады. Оларға банк шоттарын бұғаттау, мүлікке тыйым салу, жалақыдан ұстап қалу сияқты шаралар жатады.
Сонымен бірге, заң борышкердің құқықтарын қорғау мүмкіндігін де қарастырады. Егер борышкер қарыз сомасымен немесе есептеу тәртібімен келіспесе, ол атқарушылық жазбаның күшін жою туралы сотқа жүгінуге құқылы. Мұндай жағдайда талап даулы болып танылады және дау сот тәртібімен шешіледі.
Егер сот атқарушылық жазба заң талаптарын бұза отырып жасалғанын анықтаса, оның күші жойылады, ал атқарушылық іс жүргізу тоқтатылады. Алайда бұл өндіріп алушының талап қою құқығы тоқтатылады дегенді білдірмейді. Ол өз талабын жалпы талап қою тәртібімен сотта қарауға ұсына алады.
Қорытындылай келе, атқарушылық жазба – міндеттемелердің орындалуын жедел қамтамасыз ететін құқықтық құрал. Бұл механизм өндіріп алушының құқықтарын қорғауға бағытталғанымен, борышкердің де сот арқылы қорғану мүмкіндігі сақталған. Сондықтан тараптар өз құқықтары мен міндеттерін заң шеңберінде түсініп, дауларды құқықтық тәртіппен шешуі қажет.
Самал Бахтыяр
Шымкент қаласы Әділет департаментінің
құқықтық түсіндіру және заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің
бас маманы




