Түркістан облысының Кентау қаласы қорғаныс ведомствосы ақпараттық десантының «БІРТҰТАС ЕЛ — БІРТҰТАС ЖЕР» акциясы аясындағы іс-шараларын өткізген соңғы елді мекені болды.
Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы Түркістан облысының жергілікті әскери басқару органдарының басшылығымен тығыз байланыста өтті. Акцияға орта мектептердің, колледждердің және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныптарының оқушылары қатысты.
Кентауға келген Астаналық офицерлер қала әкімі Жандос Тасовпен кездесу өткізді. Елордадан келген қонақтарды қарсы алған әкім қаладағы жастар ұйымдары, патриоттық клубтар мен үйірмелер жұмысының оңды дамып келе жатқанын ерекше атап өтті.
Жандос Қалмырзаұлы өскелең ұрпақты тәрбиелеуде жаңа технологияларды меңгеріп, отансүйгіштік сезімін оятуға мән беру керектігін, әскери-патриоттық үйірмелерде алған білімнің қай салада болмасын пайдасы тиетінін айтты.
Одан кейін Әлия Молдағұлова атындағы №19 және Әл-Фараби атындағы №14 орта мектептерінің 9-11 сынып оқушыларымен кездесулер өтті. Қонақтар әскери оқу орындарына түсу тәртібі, әскери қызметті өткеру шарттары, сондай-ақ әскери қызметшілерге берілетін әлеуметтік жеңілдіктер туралы жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізді.
Мектеп оқушылары қонақтардың мазмұнды да тартымды сөздерін ерекше ықыласпен тыңдап, өздерін қызықтырған сұрақтарын қоя білді.
«Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы Мейірбек Меңдіғалиев жігіттердің күш-қуаты, жігері, шығармашылық әлеуеті зор екенін, оларды өмірдің басты мақсатына жетуге бағыттау керектігін атап өтті.
— Әр азаматтың қол жеткізген жетістіктерінен бүкіл елдің жетістіктері қалыптасады, — деп толықтырды Мейірбек Меңдіғалиев.
«Баласағұн» қалалық мәдениет үйінде ұйымдастырылған Алматы қаласындағы Әскери даңқ музейінің қорынан әкелініп, Қазақстандағы әскери бөлімдердің құрылғанына 85 жыл толуына арналған құнды жәдігерлерді қамтыған жылжымалы музейлік көрме болды.
Жылжымалы көрменің көркіне айналған даңқты қолбасшы, «Халық қаһарманы» Бауыржан Момышұлының жеке марапаттары мен тұтынған заттары, Кеңес Одағының Батыры, 316-атқыштар дивизиясының командирі генерал-майор Иван Панфиловтың жеке бұйымдары, сондай-ақ 397 фашистің көзін жойып, жау тарапынан «қара өлім» атанған мерген Төлеуғали Әбдібековтің марапаттары мен құжаттары көпшілікке ерекше әсер қалдырды.
Шара Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы дайындаған мерекелік концертпен аяқталды. Отан туралы әндер, музыкалық композициялар мен би қойылымдары жас көрермендерге ерекше қуаныш сыйлады.
Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі




