Шымкенттегі №7 қалалық емханада 2025 жылдың 29–30 қараша күндері балалардағы УДЗ-диагностикаға арналған халықаралық деңгейдегі оқыту-тәжірибелік мастер-класс өтеді. Іс-шара Қазақстандағы ультрадыбыстық диагностика мамандары қауымдастығының басшысы, м.ғ.к., доцент К.Т. Кулаевтың бастамасымен ұйымдастырылуда.
Семинардың басты мақсаты – тәжірибе алмасу және дәрігерлердің кәсіби әлеуетін арттыру. Екі күндік мастер-класс барысында дәрігерлер науқастарды қабылдап, тексеруден өткізіп, өз тәжірибесін халықаралық деңгейдегі мамандармен салыстырып жетілдіреді.
Оқу бағдарламасы «Балалардағы бауыр, асқазан және ұйқы безі патологияларын УДЗ арқылы анықтау» тақырыбына негізделген. Семинарды Ресейдегі балалар сәулелік диагностикасы саласының жетекші мамандарының бірі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, РМАНПО балалар жасындағы сәулелік диагностика кафедрасының меңгерушісі Михаил Пыков жүргізеді.
Қатысушылар балалар ағзасындағы асқазан-ішек жүйесі ауруларын ультрадыбыстық зерттеу арқылы анықтау мен бағалаудың заманауи тәсілдерін меңгеріп, практикалық дағдыларын тереңдетеді. Бұл мастер-класс өңір медицина мамандарының біліктілігін арттырып, балалар денсаулығына көрсетілетін көмектің сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.




