Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай, халықтар арасындағы достық пен бірлікті дәріптейтін ауқымды мәдени іс-шаралар легі жалғасуда. Соның бірі — Шымкент қаласында өткен «Ұйғыр тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күні» атты мерекелік кеш. Бұл маңызды шараны Шымкент қалалық ұйғырлар қауымдастығы ұйымдастырды.
Мәдени жиынның басты мақсаты — ұйғыр халқының бай мұрасын кеңінен насихаттап, этносаралық татулық пен келісімді одан әрі нығайту.
Татулық пен тағылым тоғысқан кеш
Іс-шараға Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Заңғарбек Үсіпахметов, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нүркен Әлімқұлов, сондай-ақ қаладағы түрлі этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен өкілдері қатысты.
Мерекелік жиын ұйғыр халқының тұрмысын, өнері мен мәдениетін паш ететін қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдар көрмесінен басталды. Көрме қонақтары ұйғыр халқына тән нақыштармен безендірілген тұрмыстық заттар мен әшекей бұйымдарды, дәстүрлі тағам түрлерін қызығушылықпен тамашалады. Бұл өз кезегінде мәдениет пен тарихты жақыннан тануға мүмкіндік берді.
«Қазақстан халқы Ассамблеясы — бейбіт өмірдің тірегі»
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Заңғарбек Үсіпахметов:
«Қазақстан халқы Ассамблеясы — бейбітшілік пен келісімнің символы. Біздің басты байлығымыз – ел ішіндегі татулық пен өзара құрмет. Осындай мәдени іс-шаралар арқылы біз бір-біріміздің дәстүрімізді, тілімізді, мәдениетімізді тереңірек танып, ортақ құндылықтарды нығайта түсеміз», — деді.
Сондай-ақ ол ұйғыр этносының ел дамуына қосып жатқан үлесін атап өтіп, түрлі этностар арасындағы достық байланыстардың маңыздылығына тоқталды.
Мәдени бағдарлама – ұлттық рухтың айнасы
Кештің шымылдығы «Умай» би ансамблінің орындауындағы ұлттық «Кербез сылқым» биімен ашылды. Өнер ұжымы бұл қойылым арқылы ұйғыр мәдениетінің нәзіктігі мен көркемдігін көрсете білді.
Мерекелік бағдарлама барысында:
Ұйғыр халық әндері,
Классикалық және заманауи музыкалық туындылар,
Әсем би нөмірлері,
Кеш көркін қыздырған өнерпаздардың бірі — Алматы облысы, Шелек ауданынан арнайы келген «Дастан» тобы болды. Әншілердің орындауындағы ұлттық және заманауи бағыттағы туындылар көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
Сонымен қатар, көрермендер назарына Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған, Сейдолла Байтерековтің «Жан досым» әні ұсынылды. Бұл ән шынайы достықтың, ел ішіндегі бірліктің символындай әсер етті.
Іс-шара соңында қала тұрғындары мен қонақтары ұйғыр этносының ұлттық мәдениетімен тереңірек танысқанын, мұндай кештердің елдегі бейбітшілік пен келісімге оң әсер ететінін айтып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
«Бірлік бар жерде — береке бар» деген ұстаныммен өткен бұл мерекелік кеш – этносаралық түсіністік пен мәдени әртүрлілікті дәріптеудің жарқын үлгісі болды.
«Ұйғыр тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күні» — тек бір этностың ғана емес, барша қазақстандықтың рухани байлығы мен ортақ мәдени кеңістіктегі ынтымағын білдіретін оқиға. Мұндай іс-шаралар Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойын лайықты атап өтудің, бірлікті бекемдеудің жарқын үлгісі саналады.




