Шымкент қаласында азаматтардың күнделікті әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешу, мемлекеттік органдармен кері байланысты нығайту және тұрғындардың өтініш-шағымдарын жедел қарастыру мақсатында AMANAT партиясының қалалық филиалы Қаратау ауданында кезекті көшпелі қоғамдық қабылдау өткізді.
Іс-шараға қалалық мәслихат депутаттары, аудан әкімдігі мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Қабылдау барысында тұрғындар өздерін алаңдатқан мәселелерін ашық айтып, нақты сала мамандарынан жауап алды.
Мұндай қабылдаулардың басты мақсаты – халықтың мұң-мұқтажын есту, нақты шешім қабылдау және мәселені созбалаңға салмай, жедел шешу жолдарын ұсыну. Сонымен қатар, шалғай аймақ тұрғындарының партиямен және жергілікті билікпен байланысын жақсартып, құқықтық және әлеуметтік қолдауға қол жеткізуіне мүмкіндік беру көзделген.
AMANAT партиясының бастамасымен ұйымдастырылған бұл қабылдаулар – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру жолындағы маңызды тетік ретінде бағаланады.
Қабылдау барысында Қайтпас-1 шағынауданының тұрғындары бірқатар инфрақұрылымдық мәселелерді алға тартты. Атап айтқанда, коммуналдық қызмет сапасы, көше жарығының істен шығуы, қоқыс шығару қызметінің уақытылы көрсетілмеуі – тұрғындарды мазалап отырған негізгі мәселелердің бірі.
Қызылқайың көшесінің тұрғыны Бақдәулет Спатаев көше бойындағы жарық шамдарының бірнеше айдан бері істемей тұрғанын және қоқыс контейнерлерінің уақытылы тазаланбайтынын жеткізді.
— «Кешкі уақытта балалар мектептен қайтқанда қараңғыда жүреді. Жол-көлік қауіпсіздігіне де әсер етіп отыр. Қоқысты да апталап жинамайды. Қалаға тиіп тұрған аудан болғанмен, назардан тыс қалғандаймыз», – деді ол.
Мұндай шағымдарға жауап берген Қаратау ауданы әкімдігі мен коммуналдық салаға жауапты мамандар тұрғындар өтініштерін назарға алып, тиісті мекемелерге тапсырма берілгенін, алдағы уақытта нақты шешімдер қабылданатынын айтты.
Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған AMANAT партиясының «Құқықтық көмек» жобасы аясында биылдың өзінде Шымкент қаласында 23 мобильді қабылдау өткізіліп, 500-ге жуық азаматтың өтініші тіркелген. Бұл көрсеткіш аталған форматтағы шараларға халықтың сенімі артып келе жатқанын білдіреді.
Жергілікті тұрғындар мұндай қоғамдық қабылдаулардың өзекті мәселелерді шешуде нақты нәтижелерге әкелетінін атап өтті. Тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлердің кейбірі қабылдау барысында-ақ шешімін тапты немесе тиісті мекемелерге жолданып, бақылауға алынды.
Қаратау ауданындағы көшпелі қабылдау – тұрғындардың нақты мәселелерін билікке тікелей жеткізуге мүмкіндік берген тиімді алаң болды. AMANAT партиясы мен жергілікті билік өкілдерінің мұндай ашық диалог форматындағы жұмысы халық сенімін арттырып, ел ішінде өзекті мәселелердің шешілуіне жол ашуда.
Тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін инфрақұрылым, тазалық, жарықтандыру, көлік қатынасы секілді мәселелерді жүйелі түрде шешу – жергілікті биліктің алдағы жұмысының басты бағыты болмақ. Ал көшпелі қабылдаулар осы мақсатқа жетудің нақты құралы ретінде жалғасын табады.




